Елена Шушлебина – Зеленов аудандық ауруханасының учаскелік медбикесі

Ақтөбе қаласының 35 жасар тұрғыны Роза Тасқала ауданында туысқандарының үйіне қонаққа келген болатын. Жүктілігіне байланысты таңертең оны туыстары облыстық перинаталдық орталығына жеткізу мақсатында жолға шығады. Алайда жолда жүкті әйелдің толғағы басталғанын байқайды. Шұғыл Переметное ауылынан жедел жәрдем шақырады.  

19 шілде күні сағат 11:20 Зеленов аудандық ауруханасына Орал-Тасқала тас жолынан қоңырау түседі. Еңбек демалысына шығуына байланысты дәрігер, акушер-гинеколог қызмет орынында жоқ болған. Алайда бригадамен учаскелік медбике Елена Шушлебина шұғыл жолға аттанады.

Діттеген орынға жеткен медбике әйелдің медициналық кітапшасынан жүктіліктің қиын өтуіне байланысты жағдайы мәз емес екенін біледі. Оны тексеріп, денсаулығымен таныса келе түсік тастау қаупі бар екенін аңғарады. Мұндай жағдайда тек дәрігер ғана нақты шешім қабылдап, ота жасай алады. Медбике мұндай қиын жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келіп тұр. Елена Сергеевна әйелді босандыру керек деген шешім қабылдайды. Сағат тілі 12:40 соққанда Роза аман-есен қызын өмірге әкелді. Медбикенің біліктілігі мен жігерлілігінің арқасында Розаның денсаулығына еш қауіп төнбей, баласын бауырына алды. Бірнеше минуттардан кейін дені сау ана мен бала Переметное ауылының аудандық ауруханасына жеткізілді.