Абзал Әділов – қайырымды іс жасаған «абзал» жан. Ол екінің бірі жасай алмайтын жақсылыққа барып, бір бүйрегін Жамила Байсеріковаға берді.

Ол 2016 жылы «Қазақстан» арнасындағы «Жан жылуы» бағдарламасында бүйрекке зәру Жанар есімді қызды көріп қалып, редакцияға хабарласады. Кейінірек Жанармен байланысып, оның қан топтары сәйкестігін біледі. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуді ойлаған жігіт сол жанға өз бүйрегін тарту ету үшін белгіленетін операцияны күтіп жүргенде, Жанар хабарласып, өзіне жолдасы донор болатынын айтқан. Ал Абзалдан шымкенттік Жамила есімді қызға жәрдемдесуін өтінеді. Жігіт бірден келіскен. Осылайша, 2017 жылдың 20-қазанында ота жасалып, сәтті өткен.

«Өзім қарапайым жанмын. Мамандығым – құрылысшы. Қазір «Квант» ЖШС-де күзетші қызметіндемін. Екі бірдей бүйрегі істен шыққан Жамиланың тағдыры мені алаңдатпай қоймады. Жүрегім ауырып кетті. Сондай жағдай менің басымнан өтсе, қандай күйде боларымды елестетіп көрдім. Әрине, ата-анаммен ақылдасып, өз бүйрегімді тарту етемін деген шешімге келдім. Қазір менің жағдайым жақсы. Өз ісіме ешқашан өкінбеймін. Бір адамның өмірін арашалап қалғанымды ерлік деп санамаймын», – дейді Абзал.

Абзалға 2017 жылы «Мейірім» жастар сыйлығы берілді.