Ахат Ауданбеков – үстел теннисшісі, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ҚР спорт шебері, паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері

Мен ШҚО, Ақжар ауылында дүниеге келдім. Бірақ, бұл жерден 3-жасымда көшіп кеттік. Оған себеп, менің жүре алмағаным. Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы дәл диагноз қоя алмай, бізді әбігерге түсірді. Көп ұзамай басқа медицина орталығында маған ДЦП параперез диагнозын қойды. Әр үш ай сайын ауруханада емделіп, балалығым өте берді. Одан кейін ине терапиясын қабылдап, балдақпен жүруді бастадым. Балдаққа да байланып қалуға болмайтынын түсініп, оны тастап, өз күшіммен жүру үшін жаттыға бастадым. Және ол менің қолымнан келді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған №2 мектеп-интернатын тәмамдадым.

Бала кезден спортқа деген қызығушылығым жоғары болатын. Біздің қаладан үстел теннисінің секциясы ашылғанын естіп, сонда бардым. Алғаш барған жарысымда барлығынан жеңіліс тапқаным есімде.  Одан кейін шын беріліп, кәсіби түрде шұғылдана бастадым. Жеңістер де көп ұзамай келе бастады. Спорт және туризм акдемиясын аяқтап, үстел теннисі мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етіп жүрмін. Болашақ чемпиондарды дайындап келе жатқаныма екі жылдың жүзі болды. Бұл жеткен жетістігіммен тоқтап қалмай, алға ұмтыла бермекпін!