Айман Қодар - “Тамыр” журналының шеф-редакторы

Айман белгілі ақын, философ Әуезхан Қодардың қызы. Әкесі дүниеден өткеннен кейін Айман оның ісін жалғастыруды перзенттік парызы санап, мәдени-философиялық “Тамыр” журналының жұмысын қолға алады.

“Тамыр” менің “аманатым”, менің бақытым. Ол адамның танымын кеңейтіп, әлемнің терең философиялық құпиясын ашуға көмектеседі. Менің де білімімді арттырып, үлкен істерге шабыттандырады”, - дейді Айман.

Айман - түркітанушы, шығыстанушы. Қазіргі таңда ол Сарбонна-Қазақстан институтында халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатыр. Тұрақты түрде поэзия кештерін, кітаптардың тұсаукесері мен мәдениет, әдебиет тақырыбындағы кездесулер ұйымдастырып тұрады.

“Егер біз әрқайсымыз мені ешкім түсінбейді деп әр тарапқа кететін болсақ, қоғам деген атымыздан ештеңе қалмайды. Сондықтан біз бір-бірімізбен еркін диалог құруға талпынымуымыз қажет. “Тамыр” да диалог алаңы. Жиырма жылға жуық тарихы бар журнал көптеген интеллектуалдардың басын біріктіріп, ортақ жеңістердің куәсі болды”, - дейді Айман.

Айман нағыз шығармашыл адам: өлең шығарып, әңгіме мен музыка жазады. Алдағы уақытта жалпықазақстандық поэзия фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап жүр.