Айнұр Рахипова – актриса

Айнұр 1984 жылы Алматы облысында дүниеге келді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының «Драма және кино актері» мамандығын профессор Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында тәмамдады. Еңбек жолын Тазабеков театрының актрисасы ретінде бастады. 2007 жылдан бастап,  «Жастар» театрында жемісті қызмет етіп келеді. «Жастар» театары өзінің 10 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 10 бірдей Гран-При жүлдесін қанжығасына байлаған. Бұл жемісті еңбектің артында Айнұр секілді бірнеше актерлер тұрғаны мәлім. Айнұр Рахипова көптеген рөлдерді сомдаған. Оның ішінде: Н.Гоголь «Ревизор»– Шпекина, «Шыңғысхан» /әфсана/ – Гүрбелжін, «Асауға тұсау» /комедия/ –  Катарина, «Диляфруздың төрт күйеуі» /комедия/  – Диляфруз, «Меккеге қарай ұзақ жол» /әфсана/ – Ремарка, «Жан азабы» /әфсана/  – Бұғы ана, «Шырақ жанған түн» /лирикалық драма/  –  Нұргүл, «Қозы мен Баян» /мюзикл/ – Баян, «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» /элегия/  – Гүл, «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» – Милат (Қожаның анасы) және т.б. рөлдері бар. «Астана- махаббатым менің» фильмінде Баян Есентаеваның Лаура ролін дыбыстаған. 

Айнұр Рахипова 2017 жылы Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» халықаралық фестивалінің «Ең үздік әйел бейнесі» (У.Шекспир  «Асауға тұсау» - Катарина рөлі) жүлдесінің иегері.