Әліби Әбдінұров – композитор, дирижер, музыкатанушы, өнер қайраткері. Қазақ ұлттық өнер университеті композиция кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан жастар Одағының «Серпер» (2009), ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлықтарының, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты. 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «композиция» мамандығы,  «опералық-симфониялық дирижер» мамандығы, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының аспирантурасын «музыкатанушы» мамандығы бойынша аяқтады. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Жапония, Түркия, Италия, Польша, Израиль және ТМД елдерінің музыкалық ұжымдары, дирижерлары, жеке орындаушылары мен кәсіби басылымдарымен тығыз байланыста.  «Мұқағали» (2 акт) опера, «Көкбөрі аңыздары» (2 акт) балет, «Отырар дастаны» (3 бөлім) оратория, «Керей-Жәнібек» симфониялық дастан, «Сақтар», «Елорда»  симфониялық күйлердің, 70-тен аса әндердің авторы. Халықаралық «Ильхом-XX» кәзіргі замандық музыкалық өнер (2002 - 2 орын, 2003 - 1 орын),  «Omnibus laboratorium» (2005 - 1 орын), «Trans Art» International Festival of Contemporary Perfoming Arts-2006 1-орын,  Ұлттық «Астана-Байтерек» (2007 – 2 орын), Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурстары (2012 - 1 орын, 2014 - 1 орын, 2015 - 1 орын), республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурстарында (2014 - 2  орын) ерекще талантымен танылды.

Ұлттық музыканы бойына терең сіңірген автор өзінің шығармашылығында қазақ халқының музыка өнерін зерттеп және қазіргі заманғы композицияның техникалық тілін меңгеру арқылы үндестікті табуға тырысып келеді. Ә.Әбдінұровтың шығармашылығы – қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты, кең тыныс, өз ойын еркін бере білу, фольклорлық материалды кәсіби түрде игеріп,  орнымен пайдалана білу, тарихи деректерді арқау ету секілді нәрселер тән («Арыстанбаб», «Жер-Ана», «Мәңгілік күй», «Қожа Ахмет Иассауи», «Түркілер шеруі», «Ататүрік», «Фараб-Отырар», «Баласағұн», «Бозінген», «Қыпшақтар», «Балбал»).  Суреткер үшін халқының тарихы өте маңызды. Ғасырлар қойнауына үңілу арқылы бүгінгі күнімізге баға беріп, келешегімізді болжайтын секілді. Ә.Әбдінұров – терең ойлайтын, музыка әлемінде өзіндік жол іздеген суреткер.