Әлия Тоқтасынова - ұлттық спорт түрлері бойынша спорт шеберіне үміткер 

Әлия Тоқтасынова ат спортымен он бір жасынан айналысады. Қазір ол ат үстіндегі ұлттық спорт түрлері бойынша спорт шеберіне үміткер. 

“Қазақ болған соң, ұлттық спорт түрлерімен айналысуым керек деп ойлаймын. Сондықтан өзіме қыз қууды таңдадым. Анам менің ат үстіндегі суреттерімді көргенде “дала қызы” дейді. Бұл менің қаныма сіңіп кетсе керек, мен қазақ даласы мен жылқы жануарын ерекше жақсы көремін”. 

Әлияның бұл қызығушылығы ендігі ғылымға ұласқан. Ол Қазақстандағы ат спортының дамуынан бастап, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды иппотерапия арқылы емдеу амалдарын зерттеп жүр. 

"Мен мектепті бітірген соң алдымда екі таңдау тұрды: түбегейлі спортқа кету немесе суретші-дизайнер болу. Екеуіне де икемім жақсы еді. Бірақ колледжге келген кезде дизайнды таңдадым". 

Ал жоғары оқу орнына түсерде Әлия “зооинженер” мамандығы бойынша білім алуды жөн көреді. Қазір ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің зоотехнология, генетика мен селекция кафедрасының үшінші курс студенті. Жаз айында Әлия тәжірибе жинау үшін Германияға аттанып, ол жақтан жылқы жануарының күтімі бойынша білімін толықтырып келді. “Германияда көрген жаңа технологияларды елімізге әкеліп, қолданысқа енгізгім келеді. Иппотерапия курсын өткен кезде, менің де басқа балаларға көмектескім келетінін түсіндім. Жылқымен қарым-қатынас орнату арқылы сырқат жандарды емдеуге болады”, - дейді ол. 

Әлия қазір Павлодардағы “Құлагер” ипподромында жаттығуларын жалғастырып жүр. Ат спорты бойынша өтетін республикалық жарыстардан да қалыс қалмайды.