Амангүл Ешпанова көпке үлгі боларлық жан. Ол отағасы Өмірхан Жетесовпен 14 баланы өсіріп отыр. 3-еуі туған балалары, ал қалғандарын 2009-2018 жылдар аралығында «Алға» балалар үйінен асырап алған. Тұңғышы биыл 23-ке келеді.

Үлкен отбасы «Шашу» отбасылық-халықтық ансамбль құрып, облыс көлемінде танылып үлгерді. Оларға 2013 жылы «халықтық» мәртебесі де берілген. Ансамбьлде ата-анасына қосылып, домбыра, қылқобыз, шаңқобыз шертіп, балалар да өз өнерін ортаға салады. Олар облыстық, республикалық іс-шараларға белсене қатысып жүр. Олар бүгінге дейін «Алаш үміті» байқауында Бас жүлде иегері (Түркістан қ.), республикалық «ХХI ғасыр таланттары» фестивалінің II дәрежелі лауреаты, І республикалық «Қазақстан таланттары» рухани-патриоттық байқауында «аспапта-орындаушылық өнері» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері, «Тәуелсіздік – елдің тірегі» отбасылық сайысының  III дәрежелі лауреаты, аймақтық «Өнерім-өрісім» отбасылық ансамбльдер байқауының Бас жүлде иегері (2018ж.) атанды. Өмірхан мен Амангүл аспаптарды сатып алуға, балалардың музыкалық сауатын жетілдіруге ақшаны өз қалталарынан жұмсайды.

Амангүл Ешпанова тағы да балалар үйінен 3 баланы асырап алғысы келетінін айтады. Ал оған отағасы мүлде қарсы емес.

«Анам 6 жасымда өмірден озды, арқамнан қағып, маңдайымнан сипайтын адам болған жоқ. Амангүлдің мейірімділігі шексіздігіне таң қаламын. Менің өгей шешем осы жарымдай болғандай ғой... Ол да шешесіз ата-әжесінің қолында өскен. Жетімнің жайын жетімдікті тартқан адам ғана түсінеді екен...», – дейді Өмірхан Жетесов.