Арман Бисембаев  - археолог, 2006 жылдан бастап Облыстық тарих, этнография және археология орталығын басқарады.

Бисембаев Арман Ауғанұлы Алматы қаласында 1972 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келген. 1989 жылы Бадамша орта мектебін бітірген соң, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтына тарих факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы оқуын үздік тәмамдайды. 1994-1997 жылдары А.Х. Марғұлан атындағы археология институтында аспирантурада оқыды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. 1997 жылдан бастап 2002 жылға дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде сабақ берді, 2002-2005 жылдары директордың орынбасары, сонымен қоса Батыс Қазақстан облысындағы тарих және археология орталығының басшысы болды. 2006 жылдан бастап облыстық тарих, этнография және археология орталығын басқарады. Оның басқарушылығымен 2006-2009 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік және аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Германия археология институтымен, Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтымен, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, РФ Этнографиялық музейімен, РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейімен, РҒА Орск және Орынбор педагогикалық институттарымен,  Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығымен бірлесіп, облыс аумағында экспедициялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2007 жылы тұңғыш рет Ақтөбе жерінің жәдігерлерінің танымал зерттеушісі М.Қ. Қадырбаевтың рухына бағышталған және соңғы жылдары облыс аумағында өткізілген археологиялық зерттеулер қорытындыларына арналған халықаралық «Қадырбаев оқулары-2007» ғылыми конференциясы өтті. Осы күнде Арман Бисембаевтың белсене араласуымен 2010, 2012, 2014 және 2016 жылдары тағы төрт «Қадырбаев оқулары» конференциясы өткізілді. Конференциялардың жұмыстарының қорытындысы бойынша А. Бисембаевтың жетекшілік етуімен Мартүк, Қобда және Қарғалы аудандарының табиғи және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің жинағы құрастырылды. Одан бөлек, облыстың 75-жылдығына орай басылып шыққан 2-томдық «Батыс Қазақстан тарихы» және «Ақтөбе облысының тарихы» ұжымдық монографияларды атап өткен жөн. Бұл басылымдар өңір тарихы бойынша бар дерек-мәліметтер жинақталған, республикада алғашқы шығарылған еңбектер. Қазіргі уақытта автордың 90-ға жуық ғылыми мақалалары мен ұжымдық монографиялар, сондай-ақ «Батыс Қазақстан көшпенділерінің орта ғасырлардағы жерлеу жоралғылары» монографиясы жарық көрген.