Арман Хайруллин  – қоғам белсендісі

2017 жылдың көктемінде 10 000 тал ағашын тегін тарату және егу акциясын ұйымдастырды. Қала мектептері мен балабақшаларына егу материалымен қатар, құнарлы жер мен қи тыңайтқыштар таратты. Экологиялық қасиеті мол топинамбур өсімдігін өңірге дәріптеп, зерттеп, оның Атыраудың климаттық жағдайында керемет өсетіндігін дәлелдеді. Биыл екінші жыл қатарынан оттегін бөліп, жерді тыңайтатын өсімдікті өз күшімен қала мен облыс аумағына егу жұмыстарын жүргізді. Оның түйнектері тұрғындар қалашығы мөлтек ауданындағы қалалық паркте, Назарбаев зияткерлік мектебінің аумағында, Сәтпаев көшесі бойындағы балалар алаңын қоршай (ағаштармен біре) отырғызылды. Сондай ақ, Исатай ауданындағы «Сазанқұрақ» мұнай компаниясының қорғаныс белдеуі мен Құлсары қаласында егілді. Маңғыстау облысына жерсіндірілді. Нәтижелер көз қуантарлықтай.

«Эко кросс» жүгіру акциясының ұйымдастырушылардың бірі. Идея авторы. 400-ге тарта адам қатысқан жүгу шарасы азаматтарды спортқа баулу мен қатар өңірдің экологиялық проблемаларына, қала тазалығына назар аударту болатын.  Арман Ғабидоллаұлы қалалық маслихат жанындағы экологиялық комиссияның белді мүшесі бола отыра экологияға қатысты көптеген келелі мәселелерді көтеріп, олардың шешілу жолдарын ұсынуда. Халықты ақпараттандыру жолында еңбек етуде. Халықтық Газоаннализатор сатып алып, күнделікті ауа сапасы статистикасын жүргізуде. Өлшеу мәліметтері әлеуметтік желіде жиі жарияланып тұрады. Бұл жұмыстың нәтижесі де бар. Тексеріс шараларының бірінде «Квадрат» атаулы солтүстік булану алаңында көмірсутегінің жоғары концентрациясы анықталып, ол ақпарат республикалық басылымдарда жарық көрді. 

Арман әлеуметтік желіде қала мен өңір, ел мен жерге, экологияға байланысты проблемалық мәселелердің шешім жолдарын меңзеген ондаған өткір ойлы видеолардың авторы.  Мысал ретінде қала маңын қаптаған қоқыс алқаптарына бейнебаян түсіру арқылы қала халқы мен жергілікті биліктің назарын аударғанын атап өтуге болады.  Соның нәтижесінде стихиялық қоқыс тастауға, және топырақтың заңсыз қазылып алуына байланысты тосқауыл қойылып отыр.