Арнұр Мәденов – Ақтөбе қ. Назарбаев зияткерлік мектебі директорының сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары

Арнұр Мәденов Ақтөбе қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің халықаралық аккредиттеуден өтуге дайындығын басқарған. Сондай-ақ 2013 жылдан бері оның жауапкершілік міндетіне жергілікті мұғалімдерге тәжірибесін үйрететін мектептің шетелдік контингентін (АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Үндістан, Кения секілді елдерден) басқару кіреді.

Арнұр Ақтөбенің қарапайым орта мектебінде оқыған, бірақ сол кезден-ақ шет елдерге, дипломатияға қызығушылық танытқан. Түрлі дебат турнирлеріне қатысып, жүлдегер болған. 2008 жылы Гарвард университетінде «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша қысқа мерзімді тағылымдама өткен, 2010 жылы «Болашақ» президенттік стипендиясын жеңіп, «Мемлекеттік басқару» магистратура бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға, Роберт Гордон университетіне оқуға кеткен. Оқыған жылдары университетте белсенді түрде әлеуметтік жұмыс жүргізген.

Оқу бітірген соң туған қаласына жұмысқа барып, облыстың білім деңгейін көтеруге, сол арқылы ел дамуына үлес қосуға шешім қабылдаған. Осылайша ол Ақтөбе қ. Назарбаев зияткерлік мектебіндегі еңбек қызметін бастаған. Мектеп құрылғаннан бастап оны халықаралық аккредиттеуден өтуге дайындаумен айналысқан. Бүгінде мектеп барлық халықаралық стандарттарға сай келеді.