Асхат Әбжанов – WAKE UP technology компаниясының негізін салушысы, әрі директоры, «Жаңа ұрпақ» көшбасшылық мектебінің негізін салушы

Асхат Степногорск қаласындағы орта мектепте оқыған. Елге дағдарыс келгенде оның ата-анасы жұмыссыз қалады. «Анам нан пісірсе, 3-сыныпта оқып жүрген мен сол нандарды сатуға көмектестім.  Қала көшелерінде үйлердің есігін қағып жүрген кезім есімде», – дейді ол. Кейін ата-анасы Астанаға қоныс аударып, ауыртпашылық артта қалғандай еді. Алайда, сату жүйесінде өз тәжірибесі бар Асхат 7-сыныпқа келгенде досы екеуі базардан бір қап шемішке әкеліп, оны үйде қуырып, көшеде тұрып сатып, біршама қаржыға кенеледі. Қажет киім-кешек, құрал-жабдық сатып алады.  

Оның өмірі мектеп аяқталған соң да осы нарық жүйесінен айналып кете қойған жоқ. «ҰБТ-дан 106 балл алып, мектептің үздігі атандым. Сосын қайда оқуға түсті деп ойлайсыздар? Ешқайда! Иә мен таңдаған мамандыққа бар болғаны 1 балл жетпей қалды, – дейді Асхат. Бұл – ол үшін қатты соққы болған еді. Әке-шешесімен ақылдаса отырып, ол Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің ақылы оқу бөліміне түседі.

«Оқуымды, әрі жалға алған пәтерді төлеу үшін мен үш жерде жұмыс жасадым. Бір уақытта оқып, әрі жұмыс істеу шынында да қиынға соққан еді», – дейді Әбжанов.

Содан кейін досы екеуі басқа бизнес-жоспар құрып, түнгі клубтар үшін көңілді кештер ұйымдастырумен шұғылданады. Алғашқылары қос «кәспікерді» шығынға ұшыратады. Асхат бұдан бөлек екі жобаны қолға алған болатын. Бірақ көптеген кері факторлардың кесірінен ол екеуін де жабуға тура келеді. Бір күні Асхаттың Америкада жұмыс жасайтын IOS-қа мобильді бағдарламалар жасаған досы бірлесе бір жобаны қолға алуды ұсынады. Келісімшарт жасалып, ісі өрге басқанда, Асхат бұл тұрақты бизнес екеніне көзі жетеді. Ол  мобильді бағдарламалар мен веб-сайттар жасайтын WAKE UP technology компаниясының негізін қалап, бүгінде директоры болып отыр.

Алайда, Асхатты бұл да қанағаттандырмай жан дүниесі қалаған іспен айналысуды жөн көреді. Осылайша, өзінің тәлімгері Ғани Бейсенбеков оған жастар қозғалысын басқаруға мүмкіндік береді.

«Мектептерге барып, семинар, тренинг, шеберлік-сыныптарын өткізуді қолға алдым. Ол үшін маған ешкім де ақша төлемейді. Ең бастысы, жаным қалаған нәрсемен айналысқаным», – дейді ол.

«Қазақстанның жаңа ұрпағы» көшбасшылық мектебінің пайда болғанына да біршама уақыт болды. Бұл теория мен тәжірибені қатар үйретіп, балалардың талантын ашып, болашақ мамандыққа бағыттайтын керемет бағдарлама. Асхаттың айтуынша, болашақ мамандық таңдау бойынша жүргізілген сауалнама оны қатты ойлантқан. Себебі, қатысушылардың тек 3 %-ы ғана бала кезінде армандаған мамандығына түсетін болған. Осыны ескерген Асхат балаларды өзінің сүйікті кәсібіне жол сілтеуді қазірден бастап үйретеді.

Бұл орталықтың нақты мақсаты бар: өз сүйікті ісімен шұғылданатын жаңа ұрпақ тәрбиелеу. Асхат біздің мемлекетте барлық адам өзінің сүйікті шаруасымен айналысса, проблема да, дағдарыс та туындамайтынына толықтай сенімді және ол осы үшін бар күшін салатын болады.