Бақтияр АДАМЖАН - «Астана Опера» АҚ балет труппасының жетекші солисі.

Бүгінгі таңда Бақтияр Адамжан – Қазақстандағы №1 биші. Тек соңғы жылдағы халықаралық байқаулардағы керемет бес жеңісі таңғалдырарлық жайт! Ол Мәскеуде 1969 жылдан бастап өтетін ең беделді Халықаралық балет әртістері мен хореографтары байқауының басты жүлдесін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық атанды әрі VKIBC Халықаралық байқауының (Нью-Йорк, АҚШ) «Класскалық би» аталымындағы Бас жүлденің бірінші иегері болып табылады.

Танымал мәскеулік сыншы Анна Гордеева осы байқаудың қорытындысы жайлы мақаласын пушкиндік «Горит Восток зарею новой» жолдарымен атап, соңғы кездері балет шыңындағы жетекші орындарды Шығыс елдері – Қазақстан мен Жапонияның өкілдері алып жатқанын баса жазған. Ол біздің «мықты ерлер мектебіне» ерекше назар аударған, бұл Бақтияр Адамжан жеңісінің кездейсоқ емес куәсі.

Жеңіл де ауқымды секіруі, керемет балет техникасы, әртістігі мен жарқын әсерленушілігі Бақтияр Адамжанды «Астана Опера» репертуарының басты партияларының, атап айтқанда, Солор («Баядерка»), Щелкунчик-ханзада («Щелкунчик»), Базиль («Дон Кихот»), Квазимодо («Париж Құдай анасының соборы»), Леско («Манон») және т.б. мінсіз орындаушысы етті.

Бірақ оның шығармашылығында А.Хачатурянның аттас балетіндегі Спартак рөлі ерекше орын алады, бұл партиямен ол Генуядағы (Италия) Карло Феличе театрындағы гастрольдерде және «Бақтияр сахнада қалықтап, самғады» деп, журналистер жазғандай (И. Барков. YAKUTIA. INFO, 2.04.2017 ), Якутиядағы фестивальде салтанатпен өнер көрсеткен еді. Ол жауынгер, күрескер, батыр рөлінде барынша табиғи. Бұл туралы мәскеулік байқауды хабардар еткен ресейлік баспасөз де растауда: «Алтын лауреат қазақ Бақтияр Адамжан батырлардың кім екенін біледі, олардың ерлігі қандай екенін әрі көрерменге қаншалықты маңызды екенін түсінеді» (Е. Федоренко. «Культура» газеті, 22.06.2017).

Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы» діни балетіндегі (М.Жарр музыкасы) техникалық тұрғыдан аса ауыр Квазимодо партиясы Бақтияр Адамжанның рөлдің күрделі психологиялық бейнесін тамаша жасай алатынын көрсетті: бутафорлық бүкірді пайдаланбай-ақ, кейіпкердің сыртқы ұсқынсыздығы мен ішкі керемет жан дүниесін көрсете білді; кейіпкерінің қожайыны Клод Фроллоға деген адалдығынан бастап өмірдің зұлымдығына қарсы жанкештілігіне дейінгі эволюцияны бақылады.

Бақтияр Адамжан – жоғары ерлік салт та, лирика да, комедия мен трагедия да қолынан келетін бірегей биші. Ол – ұлттық балет өнерінің зор мақтанышы.

Бақтияр Адамжан Алматы облысының Сарыөзек қаласында туған. А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін тамамдаған (2011). 2011-2013 жылдары – Абай атындағы МАОБТ солисі. 2013 жылдан бастап «Астана Операның» солисі, 2015 жылдан – жетекші солисі болып табылады.