Батырхан Дәуренбеков – қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаровтың ізін жалғаған көптеген анимациялық және көркем, деректі фильмдердің режиссері. Өз ісінің нағыз майталман маманы, әйгілі аниматор, «Қазақстан аниматорларының ассоциясы» қоғамдық ұйымның төрағасы, «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің» жанынан құрылған Кино мамандары көркемдік кеңесінің мүшесі. «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының және Түркістан облыстық  журналистер одағының белсенді мүшесі. 50-ден аса анимациялық фильмдер мен көркем фильмдердің сценарий авторы және режисері. Оның жасаған туындылыары Еуропа және Азия елдерінде өтіп жатқан  кинофестивальдердің жеңімпазы. 

Алғаш 2008 жылы «Ең үздік режиссер-аниматор» дипломымен марапатталған. Мультфильмді жақсы көретіндер көп, бірақ сол мультфильмді жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өзінің білікті маман ретінде облысымызда анимация және кино саласын дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып келеді. 2006 жылдан ҚР «Мәдениет қайраткері. 2013 жылы республикалық «Балапан» балалар телеарнасының тапсырысымен түсіріліп, «Томпақ» телесериалының (25 сериялы) сценарий авторы, әрі режиссері. 2013 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Қазақстан» телеарнасының үздік балаларға арналған тележоба негізінде «Томпақ» телесериялы «Үздік жоба» номинациясын жеңіп алды. 2014 жылы балаларды отансүйгіштікке, туған елге, жерге деген патриоттық сезімге баулитын, бірлікке шақыратын «Қошқар мен теке-2» анимациялық фильмі Қытайдың Хонжу қаласында өткен халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінде «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» номинациясын жеңіп алды.

2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жарық көрген режиссердің тағы бір туындысы – «Қазақ елі» анимациялық фильмі Мысырдың Каир қаласында өткен XX Халықаралық анимациялық фильмдер форумында «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесі мен «Ең үздік режиссура», «Ең үздік музыка» номинацияларын жеңіп алса, Астана қаласында ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында тұңғыш рет өткен «Бес құрлық» балалар фильмдері байқауында «Ең үздік сценарий» аталымын жеңіп алды. Елді ерекше әсерге бөлеген бұл туынды Испанияның Барселона қаласында өткен Азия фильмдері кинофестиваліне қатысып, 20 елден келген 80-ге жуық фильмнің арасында тарихи, патриоттық фильм ретінде жоғары бағаланды.

Канн кинофестивалінің ұйымдастырушыларынан Канн кинофестиваліне қатысуға шақырту және «Қазақ елі» фильмін шет елдерде көрсетуге ұсыныс алды. Париж қаласындағы «Club L'Etoile» кинотеатрында «Әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ халқының дәстүрлі мәдени мұрасын, Қазақстанның заманауи өнерінің үздік жетістіктерін әлемдік қоғамдастыққа таныстыру мақсатында өткен іс-шарада «Қазақ елі» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтіп, үлкен марапатқа ие болды. Міне, осылайша елімізде кенже қалған қазақ анимациясының ел аумағында өрістеп қана қоймай, халықаралық деңгейде кең танылуына да жол ашып жүрген жаңашыл да жасампаз режиссер Батырхан Дәуренбеков – бұдан бөлек, 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «САҚ» киностудиясы түсірген «Көне жетігеннің сыры» телесериалы мен «Күш атасы Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдерінің, республикалық «Балапан» телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Қалқанқұлақ» қиял-ғажайып телехикаясының сценарий авторы және бас режиссері.

Қиындығы көп саланының жүгін арқалап жас ұрпақ тәрбиесінде өзіндік із қалдырған Батырхан Дәуренбековтің алда алар асулары көп. «Бала тәрбиесі бесіктен»,-деп еңбек етіп жүр. 2018 жылы рухани жаңғыру жобасының жалғасы ретінде «Ордабасы-бірлік туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдері мен «Төле би» тарихи телехикаясының бас режиссері. Кәсіби шеберлік пен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды қайта жаңғырту арқылы елжандылық рухын насихаттап жүрген дарынды азамат. 2011 жылы  «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен және 2012 жылы «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлеріне – 20 жыл» медалімен марапатталған. «Ең үздік дизайнер», «Ең үздік режиссер-аниматор» дипломдары мен «Қазақстан дизайн өнеріне қосқан үлесі үшін», 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған және 2016 жылы Елбасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.