Бауыржан Рахәділов – жас ғалым, өнертапқыш, PhD докторы, ҚР мемлекеттік талантты жас ғалымдар ғылыми стипендиясы иегері, Ұлттық ұжымдық қолданыстағы ғылыми зертхана меңгерушісі, С. Аманжолов атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университетінің физика және технология кафедрасының меңгерушісі.

2009 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша үздік бітіріп, физика бакалвры біліктілігін алған. 2011 жылы жаратылыс ғылымдары магистрі академиялық дәрежесін алған. 2011-2014 жж. Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан техникалық университетінде «Техникалық физика» мамандығы бойынша докторантура (PhD) оқыған. Бауыржан Қорабаевич Люблин техникалық университетінде (Польша, 2009 ж.), Вроцлав технологиялық университетінде (Польша, 2012 ж.) және Отто фон Гуерике атындағы Университеттің материалтану және біріктіру технологиясы институтында (Германия, 2013 ж.) ғылыми тағылымдамадан өткен. 2014 жылдың 31 қазанында докторлық диссертация қорғап, «Техникалық физика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алған. Материалтану және конденсирленген күй физикасы облысында жоғары білікті жас ғалым. «Тезкесуші құрышты электролит-плазмалық азоттау» монографиясы, 3 оқулығы және 100-ден аса ғылыми мақаласы бар, оның ішінде 20 мақала Thomson Reuters және Scopus деректер қорына енген шетелдік басылымдарда жарияланған. Сондай-ақ 15 авторлық куәлік тіркеген. Ғылыми жұмыстарының негізгі нәтижелері Қазақстан мен шетелде өткен 30 халықаралық және республикалық конференцияларда семинарларда және форумдарда баяндалып, 1,2 дәрежелі дипломдармен марапатталған. 2011 жылы республикалық ғылыми жұмыстар байқауында Б.Қ. Рахәділов үздік ғылыми-зерттеу жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрінің қолы қойылған 1 дәрежелі дипломмен марапатталған. 2012 жылы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Инновация-2012» байқауында 2 дәрежелі дипломмен марапатталған. 2013 ж. ғылым мен техника дамуына елеулі үлес қосқан талантты жас ғалымдардың мемлекеттік ғылыми стипендия иегері болды. 2017 жылы «Жыл жас ғалымы» номинациясы бойынша «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» Өскемен қаласы әкімінің сыйлығы иегері болды, сол жылы NURINTECH республикалық жастар инновациялық байқауында «Үздік жас ғалым» номинациясында үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ 2017 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ «Үздік жас ғалым - 2017» байқауының жеңімпазы атанды.

Оның жетекшілігімен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің бюджеттік бағдарламасы бойынша келесі ғылыми жобалар жүзеге асырылған: «Нығайтылған кескіш құрал алу технологиясын әзірлеу» (2013-2015 жж.) және «Теміржол көлігінің құрыш тетіктерін сыртқы нығайтудың ресурс үнемдеу технологиясын әзірлеу» (2015-2017 жж.). Бұл жобалар негізінде Б.Қ. Рахәділов құрыш бұйымдарды электролитті-плазмалы нығайтудың ресурс үнемдеу технологиясын жасаған. Ол қарапайым жабдықтар мен арзан су ерітінділерін қолдану, өңдеу уақытын қысқарту және сыртқы қабаттың тозу төзімділігі мен беріктігін арттыру есебінен техника-эконимикалық тиімділікке жетуді қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде аталмыш технологияны коммерцияландыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта оның жетекшілігімен ҚР БҒМ Ғылым комитеті 2018-2020 жылдарға бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша қаржыландырып отырған, жалпы сомасы 266 млн. теңгені құрайтын «Машина жасау бұйымдарына арналған тозу төзімді материалдар алудың инновациялы технологияларын зерттеу және әзірлеу» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба пайдалану процесінде қарқынды түрде тозуға ұшырайтын машина жасау маңызды бұйымдарының үйкелістен тозу төзімділігін арттыру үшін сыртқы беттерін модификациялау және қорғаныс жабынымен бүркеу инновациялық технологиясын дайындауға бағытталған.

Сондай-ақ Б.Қ. Рахәділов «Полимер материалдардың трибологиялық қасиеттерін электр-сәулелі өңдеу арқылы арттыру» жобасын басқарады, ол Вроцлав ғылым және технология университетінің ғалымдарымен бірлесе жүзе асырылып жатыр. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру үшін Б.Қ. Рахәділов С.Аманжолов атындағы ШҚМУ базасында «Беттер инженериясы және трибология» ғылыми-зерттеу орталығын ашқан, онда 2 PhD докторы, 5 PhD докторант, 6 магистрант және 5 студенттен тұратын Б.Қ. Рахәділовтың ғылыми тобы құрылған. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымдық қолданыстағы Ұлттық ғылыми зертханасында жұмыс істей жүріп, Б.Қ. Рахәділов ғылыми жұмысын педагогикалық қызметімен оңтайлы үйлестіреді және студент, магистрант және PhD-докторанттарға ғылыми жетекшілік етеді.