Бауыржан Рақышев – кардиохирург, Президенттік «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

2010 жылы Президенттік халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болып, Ресейдің Мәскеу қаласындағы Ресей медицина ғылым Академиясы А.Н.Бакулев атындағы жүрек – қантамырлар хирургиясы ғылыми орталығына клиникалық ординатураға түсіп, 2012 жылы «кардиохирургия» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. «Болашақ» бағдарламасы бойынша кардиохирургияны оқыған санаулы мамандардың бірі. Білім алып елге оралған соң 2012 жылы А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында кардиохирург болып қызметке орналасты.

Еңбек жолында ашық жүрекке 1000 аса жоғары технологиялық кардиохирургиялық ота жасалды. Еліміздегі жас және алдыңғы қатарлы кардиохирург.

2015 жылдан бастап кардиохирургиялық оталардың ішінде заманауи технологияны пайдалана отырып, елімізде жүрекке бұрын жасалмаған миниизвазивті операцияларды енгізген және операция жасайтын санаулы маманның қатарына жатады. Оның ішінде ауыр жүрек патологиясы бар науқастарға күрделі, бірегей операцияларды ашық жүрекке жасау бойынша тәжірибеге ие: туа және жүре пайда болған жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық аурулары, жүрек ырғағының бұзылуы сондай – ақ аорта және оның тармақтарының аурулары. Елімізде жаңаша технологияларды орындауда Италия, Нидерландия, Ресей, Белорусь мамандарымен бірігіп операция жасаған. Жүрек – қантамыр ауруларынан болатын өлім деңгейін төмендетуге бірден бір күш салып жүрген маман. Болашақ Қауымдастығының Кеңес мүшесі. Қазақтан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық қатынастарын жалғастыруға қосқан үлесі үшін 2012 жылы Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшісінің грамотасымен марапатталған.

Бауыржан Алдабергенұлы тұрақты түрде халықаралық және республикалық конференцияларға қатысады. Австрияда (2017ж.), Түркияда (2016ж.), Чехияда (2015ж.), Ресейде (2014ж.) тәжірибеден өткен және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысқан. Дәрігердің баяндамалары бірқатар танымал ғылыми басылымдарда жарық көрді. Кардиохирургтар ассоциациясының мүшесі Бауыржан әлем мойындаған кардиохирургтардан дәріс алған. 2007 жылы Қазақ Ұлттық Медицина Университетін «үздік» дипломмен аяқтады. 2015 жылы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінде магистратураны бітіріп, диссертация қорғап, «медицина ғылымдарының магистрі» атағын алды. Дәрігерлік жұмыстан бөлек Бауыржан Алдабергенұлы еліміздің саяси – әлеуметтік өміріне де белсене араласады.

2013ж. Астанада Елбасы - Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен Болашақ халықаралық бағдарламасының 20 жылдығына арналған Форумга қатысқан. Тұңғыш Президент күніне орай өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Жастар Форумының спикері (2017ж.), Республикалық Жастар Форумының қатысушысы (2016ж.), “Қазақстан 2050” Жалпыұлттық қозғалысы «Зияткер ұрпақ» жобасының спикері (2016ж.), Болашақ Қауымдастығының «Мейірімділік шуағы», «9М» жобаларының cпикері және демеушісі, Bolashak Business, Bolashak Tаlks спикері болды (2016-2018жж.). және еліміздің жоғарғы оқу орнындарында аутория алдында жиі дәрістер оқиды. 2013 жылдан бері 50 аса кездесу өткізген. Үнемі және белсенді түрде телеарнада, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кардиохирург маман ретінде кеңес беріп отырады.

Сүйікті мамандығын жанындай сүйетін ол өз өмірін тек кардиохургиядан көреді. Тәжірибелі маман жастарды әдебиет пен мәдениетке баулып жүр. Бауыржан Рақышев – талабы мол, дарынды, өз ісіне ғашық, шаруада ширақ, сөзіне берік, қызметіне мұқият әрі жауапты дәрігер. Еңбекқор, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын ақ халатты абзал жан әріптестерінің ортасында сыйлы әрі құрметке ие.

 «Мемлекет бізді «Болашақ» бағдарламасымен қанша қаражат шығындап шетелге оқуға жіберді. Стипендия алдық, жататын жеріміз, жол шығынымызға дейін тегін болды. Біздің қазіргі мақсат –кардиохирургия саласын Қазақстанда көтеру, сол арқылы халықтың өлім-жітімін азайтып, елімізді алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосуға барынша күш салу. Шетелге тəжірибе алмасу үшін ғана барып-келуге болады. Дүние қуып, тап осы кезде шетелде жұмыс істеп жүрсек кейін елімізде жағдай қалай болады? Өз еліңде қаншама жүргі ауыратын адамдар тұрады. Соларға көмектесу ең бірінші парызымыз. Меніңше, əр адам өз ісінің нағыз маманы болса, өз елінде еңбек етсе, онда ол Қазақстанның дамуына үлес қосып жатқан адам» - дейді Бауыржан Рақышев.