Бекжан Әлішер – волонтер

Бекжан 11 айға толғанда дәрігерлер оған БЦП диагнозын қойған. Ол өзінің қоғамға пайдалы қызметін 2016 жылы Павлодар қаласында бастаған. Сол жылы ол «Жас Отан» активіне кіріп, өзінің белсенділігі мен азаматтық ұстанымы үшін «Жастар-Отанға!» облыстық жастар этносаяси лагеріне түскен. Сондай-ақ ол 2016 жылдың 5 тамызынан бері Халықаралық ядроға қарсы жастар альянсының бітімгері.

Бекжан Әлішер 2016 жылдан бері «Әлеуметтік-волонтерлық орталық» волонтері болып табылады. Ардагерлерге белсенді көмек көрсетеді, 100-ден аса волонтерлық рейд жасаған: азық-түлік, дәрі-дәрмек көмегі, үй жинау, бақша тазалау секілді тірліктерде жәрдем береді. Ерекше қажеттілігі бар жастармен қарым-қатынас жасайды. Әр жексенбінің таңында волонтерлермен бірге Павлодарға жақын жердегі Кенжекөл ауылының «Отбасылық үлгідегі балалар ауылына» барады. Ол волонтерлармен бірге балаларға тамақ пісіру, аспаздық өнер секілді маңызды дағдыларға үйретеді, үй тапсырмасын орындайды, мерекелерге қолдан бұйымдар жасайды, қайырымдылық акцияларына, шараларға, тренингтерге, театрландырылыған қойылымдарға, конференцияларға және әлеуметтік жобаларға белсене қатысады.  2016 жылы Халықаралық мамандандырылған «EXPO 2017» көрмесіне волонтерлыққа қабылданып, 2017 жылы «EXPO 2017» көрмесінде адамдар нөпірін басқару және мәдени шаралар функционалы бойынша  волонтер болып жұмыс істеген. Мәскеуде өткен «Ерікті - 2017» бүкілресейлік еріктілер форумында Қазақстан атынан қатысқан жалғыз өкіл болып, белсенді қатысқаны және ТМД кеңістігінде еріктілік қызметін дамытқаны үшін марапатқа ие болды. 2017 жылы Қазақстан Республикасының «Жыл волонтері 2017» ұлттық конкурсының лауреаты болған. 2018 жылдан бері «Әлеуметтік-волонтерлық орталық» базасында «Талант сыйлаушылар» әлеуметтік жобасын үйлестіреді. «Самал» сауықтыру орталығы жанындағы «Триумф» инклюзивті театрында өзін актер ретінде көрсетіп жүр.