Бухара Тышқанбай – Павлодар облысы Ақсу қаласының Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны

Бухара Тышқанбай бейбіт күнде батырлыққа пара-пар батылдық танытқан қаһармандардың бірі. Батыл әрекетінің арқасында ол бірнеше адамның өмірін құтқарып қалды. Учаскелік инспектор Ақсуда екі адамды өрттен алып шықты.

Түнде учаскелік инспектордың ұялы телефонына Ақсу әкімшілік аймағы Парамоновка ауылының тұрғыны қоңырау шалып, ауылда үйдің өртеніп жатқанын хабар берген. Офицер тез арада оқиға орынына жетті. Есікті сындырып, өртке оранған үйге енеді. Еденде ес-түссіз жатқан екінші топ мүгедегін көтеріп, сыртқа алып шығады. Шұғыл жедел жәрдем шақыртады. Сол тұста ауыл тұрғындары үйде тағы бір адамның болуы мүмкін екенін айтады. Үстіне дымқыл жамылғы ілген Тышқанбай Бухара жалын шарпыған үйге екінші рет кірді. Қатты түтіннен айналаны көрудің өзі қиын еді, бірақ полицей бөлмелерді аралап, диванда ұйықтап жатқан ер адамды алып шықты.

Осылайша, учаскелік инспектор, капитан Бухара Тышқанбай қызыл жалыннан екі адамның өмірін сақтап қалды. Қас қағым сәтте батыл әрекетке барып, адамдардың өмірін арашалағаны үшін полиция капитаны Бухара Тышқанбай марапатқа ұсынылды. Ол ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері жұмыс істейді, бес жасар ұлы мен үш жасар қызы бар.