Дмитрий Трубин армрестлер, жаттықтырушы

Дмитрий Трубин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының қол күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Дмитрий 2006-2013 жылдар аралығындағы Азия чемпионаттары мен Кубоктарының жеңімпазы. 2010 жылғы Әлем чемпионатының жеңімпазы (АҚШ). 2011 жылғы Әлем чемпионатының жеңімпазы (Алматы). 2012 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Бразилия).

Сондай-ақ Дмитрий абсолют ауыр салмақ категориясында Әлем чемпионатының жеңімпазы (Польша, Гданьск қаласы), Әлем кубогының қола жүлдегері , Интерконтиненталь халықаралық турнирында абсолют ауыр салмақ категориясының жеңімпазы (АҚШ Лас-Вегас қ.), халықаралық Лотошино турнирінің жеңімпазы (Лотошино, Ресей), Әлем Кубогының күміс жүлдегері (Румия, Польша).

2018 жылы XVII Азия чемпионатының жеңімпазы (Бурабай, Қазақстан), халықаралық Арнольд классик турнирінің жеңімпазы (Каламбус, АҚШ).

«Қазірге дейін мен 6 әлем чемпионын тәрбиеледім. Бұл нәтижеге мен 9 жылда жеттім, балаларды жаттықтырып жүргеніме де жалпы 9 жыл. Жаттықтыруға қатысты мен барлығын егжей-тегжейлі білемін, себебі мұның бәрінен мен өз тәжірибемде өттім. Сондықтан менің спортшыларым дұрыс жаттығу бағдарламасын қабылдайды және дұрыс жаттығуды, жарыстардан кейін дұрыс қалыпқа келуді және дұрыс тамақтануды біледі», - дейді Дмитрий El.kz порталына берген сұхбатта.

Дмитрий кәсіпқой армрестлингте бұрыннан табысты өнер көрсетіп жүр, 2016 жылы ол танымал америкалық қол күресші Майкл Тодты Лас-Вегаста болған Vendetta-да жеңген.

Осы жылдың қарашасында Польшада өтетін әлемдегі ең көп күтілетін "Vendetta All Stars-2018" армрестлинг турнирінде Дмитрий ауыр салмақтағы әлемнің ең  мықты деген қол күресшісі грузиялық Леван Сагинашвилимен күреседі.