Кезінде Халық депутаттары селолық Кеңестің депутаты болған Еламан Алтаев - бүгінде Сарыағаш ауданының құрметті азаматы. Қазақстан Республика Президенті Н.Назарбаевтың, облыс, аудан әкімдері және мәслихаттарына көптеген Алғыс хаттармен марапатталған. Ағайын арасында ардақты, елге сыйлы, жаны жомарт жан, әсіресе 2019-2017 жылдар алған "Бейбітшілік әлемі" қоғамының "Ел ардақтысы", "Мәдениет майталманы", "Ауданның ардақты ардагері" төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінгі таңда Құркелес ауыл округінің төбе биі және осы ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Өнегелі өмірі жайлы 2010 жылы "Қазақ жерінің зиялы азаматтары" және 2012 жылы шыққан "Ғұмырдария" кітаптарына өмірбаяны енгізілген.

Еламан Алтаев 1995 жылға дейін облыстық тұтынушылар одағының Сарыағаш ауданаралық базасында түрлі қызметтерді атқарып, кейіннен кәсіпкерлікке біржолата бетбұрды."Береке" шаруа қожалығын ашып, жем-шөп дайындаумен, мың бір дертке шипа қымыран өндірумен айналыса бастайды. Сөйтіп, ауылда бос жүрген жастарды еңбекпен қамтып, жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне ат салысады. Еламан Алтаевты табысты кәсіпкер ғана емес, жаны жомарт, қолы ашық жан деуге болады. 1995 жылы Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауыл округіне қарасты Ақ үй елді мекенінен өз қаржысына бастауыш мектеп салдырып, пайдалануға берді. 2013 жылы ауылда балалардың санының  артуына байланысты аталған мектепте қосымша сынып бөлмелерін қостырды.

Еламан Алтаев мәдениет бөліміне басшылық еткен жылдары аудандағы өнер саласы талай-талай биіктерді бағындырды. Оның тәлімін алған мәдениет саласының көптеген қызметкерлері мен шәкірттері бұл күнде аудан, облыс, республика көлемінде абыройлы еңбек етіп жүр. Өнердің нанын жеген Еламан Алтаевқа ауылда мәдениет ошақтарының жоқтығына жаны бататын.Содан 2008-2009 жылдары ойында жүрген арманын жүзеге асырып, өзі тұрып жатқан шағын елді мекенге  клуб, кітапхана салдырып, оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп берді. 2011 жылы 300 адамға шақталған мешіт тұрғызды. Қазыналы қария Құдай қосқан қосағы дүниеден ерте кеткен Зәуремен, қазіргі өмірлік жары Эльмирамен ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 32 немере, 4 шөбере көріп отыр. Саялы бәйтеректің саясындағы перзенттері мен немерелері де бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Осылайша өмір бойы ел игілігі үшін еңбек еткен Еламан Алтайұлы әлі де аттан түспеген. Қашан да, ауданда, облыста өтіп жатқан түрлі мәдени іс-шаралардың, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.