Елжан Манарбеков – PhD докторант, Семей Мемлекеттік медицина университетінің шұғыл медицина кафедрасының ассистенті, Семей қаласының МЖЖА травматологиялық бөлімінің бірінші санатты травматолог-ортопед дәрігері

Елжан Манарбекұлы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Ол бала кезден дәрігер болуды армандаған. 2004 жылы Семей қаласының мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түскен. 2011 жылы медициналық академияны хирург дәрігер болып бітіріп шығып, травматология және ортопедия резидентурасына түскен. Резидентурада оқып жүргенде оқытушылық қызметпен айналысқан, университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласқан. Сол жылдары травматология саласында ғылыми жұмыспен айналыса бастаған, тізе тобығы сынықтарын зерттеп, тізе тобығы сынықтарын төмен инвазивті жедел емдеу әдісін ойлап тауып, оған ҚР инновациялық патентін алған. Әдісті клиникалық практикаға енгізу үшін халықаралық жас ғалымдар конференцияларына қатысқан, Семей, Қарағанды, Астана қалаларында бірінші орын алған. Отандық және шетелдік ғылыми журналдарда ғылыми мақалалар жариялаған.  2015 жылы “Web of Sciense” бойынша «Ең жоғары импакт-фактор» атауында 1-орынды иеленген. Резидентураны бітірген соң Семей қаласының МЖЖА травматология бөлімінде жұмыс істегеп, емделушілерге жоғары маманданған медициналық көмек көрсеткен. Сондай-ақ травматолог-ортопед, камбустиолог, балалар және абдоминалды хирург   дәрігерлерінің сертификаттары бар болғандықтан, санавиация желісі бойынша шалғай мекендерде көптік жарақат алған емделушілерге шұғыл білікті медициналық көмек көрсеткен. Ол жүздеген оталар жасап, мыңдаған адамдардың өмірін құтқарған.

2015 жылы өз әдісімен тізе тобығын емдеу бойынша жұмысын жалғастыру үшін Медицина мамандығына PhD докторантураға түскен. ҚР Білім және ғылым министрлігіның Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған журналдар мен Scopus деректер қорында индекстелетін басылымдарға  15-тен аса мақала мен тезис жариялаған. Санкт-Петербург және Баку қалаларында өткен халықаралық жас ғалымдар конференцияларына қатысып, бірінші орындарға ие болған. Травматология бойынша жаңа құрылғы ойлап тауып, екінші ҚР инновациялық патентін алған. Қазіргі сәтте медициналық университеттің студенттерін оқытып, олармен өзінің білімі мен тәжірибесін бөлісіп, оларды елінің патриоты болуға және отандық медицинаны дамытуға тәрбиелеп жүр.