Ержан Сейітқұлов – М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың механика-физика факультетінің  математикалық үлгілеу, сандық әдістер мен бағдарламалар кешені мамандығы бойынша тәмамдаған. Физика-математика ғылымдарының кандидаты. 2012 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтының директоры.

2017 жылы ақпараттық қауіпсіздік саласында Tokyo Boeki Жапон сыйлығының лауреаты атанды.

«Қазақстан-2050» стратегиясы аясында ақпараттық қауіпсіздік» атты жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының және «Eurasian PKI-Forum Kazakhstan» ашық кілттер инфрақұрылымы мен электрондық цифрлық қолтаңба мәселелері бойынша халықаралық конференцияны ұйымдастырушысы және құрылтайшысы.

Ержан Нұраханұлы – «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасының қосалқы авторы. Оның бастамасымен екі маңызды мәселе шешімін тапты. Біріншісі – мемлекеттік маңызы бар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды тиімді жүзеге асыру үшін ұлттық ақпараттық қауіпсіздік институтын құру. Екіншісі – кадр мәселесін шешу, яғни «Ақпараттық қауіпсіздік жүйесі» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру граттарының санын арттыру. 2016 жылға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі осы мамандыққа 60 білім беру грантын бөлсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 167-ге дейін артты.

2014 жылы Ержан Сейітқұлов Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласында халықаралық  IT-Конгресін ұйымдастырды. Халықаралық конференцияға Австрия, Германия, Индия, Италия, Жапония, Канада, Қытай, Корея, Ресей, Біріккен Корольдік, Америка Құрама Штаттары және т.б. елдердің зерттеушілері келді.