Гаухар Танашева – Көп балалы ана, кардиолог дәрігер

Менің атым  Самал, мен туғаннан бастап 16 жасқа дейін балалар үйінде тәрбиелендім. Егіз ағам екеуміздің жолымыз болды, өмірімізде бізге немқұрайды қарамайтын адам пайда болды, ол біздің өгей Анамыз. Ол біз үшін барлығын жасады, ағам екеумізді балалар үйінен алып кетті, махаббатын сыйлады, жанұя сыйлады... Біз қазір үлкен тату-тәтті отбасында тұрамыз, Әкеміз бен Анамыз бар. Анамның аты Гаухар Танашева, жасы 43-те, мамандығы кардиолог дәрігер, қазір қайырымдылық қорын басқарады. Біз көпбалалы отбасымыз, жанұямызда 7 бала бар. Біз отбасымызды мақтан етеміз, бөтен деп бөлектемейміз, бәріміз де туған балаларымыз, тек кейбіреуі отбасыға ерте, кейбіреуі кеш келген деп санаймыз. 10 жыл бойы анам балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмектесіп келеді. Анам көп уақытын балалармен өткізеді, олар үшін тәлімгер болып табылады, балалар үйінде түрлі шаралар өткізеді.

Оның балаларды әлеуметке және еңбекке бейімдеуге көмектесу, олардың білімі мен кәсіби бағдарлау сапасын арттыру бойынша көптеген жобалары бар. Жетім балаларды асырап алатын өз балалары бар отбасылар туралы БАҚ-тардың жиі айтуы өте маңызды. Біздікі сияқты отбасылар бала асырап алуға қадам жасап, тәуекел етуге қорқатын жанұяларға үлгі болуы керек. Анамыз белсенді өмірлік ұстанымы бар жан: ол «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі, көпбалалы отбасылар кеңесінің мүшесі. Біз «Мерейлі отбасы» байқауының бір кезеңінде жеңіске жеттік. Анамыз біз үшін үлгі: жігерлі, көңілді, болашаққа деген сенімі мол, жинақы, ақылды және ең дана! Ол өмір бойы айналасына көмектесіп жүрген: жас кезінде еріктілер қатарында болды, кейін өз қорын ашып, қайырымдылықпен айналысты. Соңғы бірнеше жылда 4 баланы асырап алып, бақытты етті! Көп балалы отбасыларға көмектеседі! Көп балалы аналарға қолдау көрсетеді! Ол балалар үйінің түлектерін, мүгедектерді, көп балалы отбасы аналары мен балаларын жұмысқа тұрғызу үшін елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытпақ. Ол әлемді жақсы жағына қарай өзгерткісі келеді!