Қазіргі қазақ мәдениетінің тірі бейнесі тамаша пианист, «Астана Опера» театрының концертмейстері, халықаралық байқаулар лауреаты,  «Республиканың мәдени өмірін дамытуға маңызды үлес қосқан Қазақстан музыка өнері саласындағы жоғары жетістіктері үшін» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры сыйлығының лауреаты -  Гаухар Тасбергенова болып табылады.

Гаухар Қошқарбекқызы Алматы қаласында бай мәдени және музыкалық дәстүрлерді ұстанатын шығармашылық отбасында дүниеге келген. Гаухардың балалық шағы көрнекті мәдениет қайраткерлері арасында шығармашылық атмосферада өткен, сол жағдай  болашақ мамандығын таңдауға әсер еткен.

Мен шығармашылық отбасында өстім. Сонау бала кезімнен өнерге жақын болдым. Музыкаға деген махаббатты бойыма әкем сіңірді. Мамандық таңдауда ешқашан ойланбағаным да сондықтан болар.

1987 жылы Гаухар К. Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық арнаулы орта музыка мектебіне түсіп, оны үздік бағамен бітірген. Білімін Қазақ Ұлттық музыка академиясының фортепиано класында жалғастырған. Гаухар аталмыш мекеменің алғашқы түлектерінің бірі болып табылады. 2002-2004 жылдар аралығында Гаухар ассистентурадан, яғни, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында фортепиано мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен.  2009 жылы Гаухар  «Арт-менеджмент» мамандығының магистрі дәрежесін алған. Жетістікке жету үшін қызу жұмыс, шыдамдылық және жігерлілік керек екені белгілі. Жұмыс істеген 20 жыл ішінде Гаухар көптеген концерт, фестиваль, байқау және опералық қойылымдардың ұйымдастырушысы мен қатысушысы болған. Олардың саны соңғы бірнеше жылдың өзінде қырыққа жуықтайды. Олардың ішінде: «Армандар орындалады» (19.08.2016 ж.), «Аллилуйя любви» (28.05.2016 ж.), «Зимние грёзы любви» (13.12.2016 ж.), «Еще раз о любви» (14.03.2017 ж.), «Огненная страсть» (07.05.2017 ж., Алматы қ.), «Огненная страсть» (12.05.2017 ж., Астана қ.), «Париж – Астана: от Дебюсси до Жубановой» (Астана қ., 2018 ж.).

Оның үстіне Гаухар «Абай» операсының (композиторлары А. Жұбанов, Л. Хамиди) жауапты пианист-концертмейстері, «Қыз Жібек» операсының (композиторы Е. Брусиловский) жауапты пианист-концертмейстері, «Травиата» операсының (композиторы Дж. Верди) жауапты концертмейстері. Гаухар үшін Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсының маңызы ерекше. Операны қою үшін ол жауапты концертмейстер ретінде әлемдік маңызы бар қоюшы режиссер Джанкарло дель Монако және Астана Опера театрының көркемдік жетекшісі, даңқты дирижер Алан Бөрібаевпен бірлесіп жұмыс істеген. Гаухар өмір бойы оқуын тоқтатқан емес. Қазір ол білімін жалғастырып, Қазақстанның қазіргі мәдениеті контекстінде арт-менеджмент тақырыбына диссертациялық зерттеу жазып жүр. Кәсіби және білім алу істерінен басқа Гаухар 11 жыл бойы қоғамдық және әлеуметтік жұмыспен белсенді түрде айналысып келеді. 2007 жылдан бері ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының шығармашылық жастар Кеңесінің мүшесі; 2009-2012 жылдарда Халықаралық «Таланттар ғасырларды бағындырады» шығармашылық жастар фестивалінің ұйымдастырушысы; 2011 жылы «Триумвират» Камералық ішекті аспаптар оркестрі жобасының ұйымдастырушы және жетекшісі; Абай атындағы МАОБТ (Алматы) «Юмор в кубе» концерттік шоуында TOP ARCHI GROUP «TRIUMVIRAT» ішекті аспаптар тобы презентациясының ұйымдастырушысы және қатысушысы.

2009 жылдан бері «Рухани Қазына» Қоғамдық қорының төрайымы. 2012 жылы «Рухани Қазына» ҚҚ мүмкіндігі шектеулі 200 балаға фестиваль ұйымдастырды. Бүгінде Гаухар Тасбергенова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының мәдениет жөніндегі Кеңесі төрағасының орынбасары болып табылады.

Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастыратын жобалар көмегімен біз жастарды шабыттандырып, өнер мен мәдениет әлеміне тартқымыз келеді. Жастарды қазір шығармашылық белсенділікке, өз әлеуетін дамытуға ынталандыру керек. Біз әріптестерімізбен бірге өз тәжірибеміз мен білімімізді бөлісуге дайынбыз. Әрине, әрқайсымыз үшін бұл – үлкен еңбек, - дейді Гаухар.

2017 жылдың мамырынан бері Гаухар Тасбергенова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орталық жоба офисінде мәдениет саласының өкілі болып табылады. Ол бас менеджер ретінде  мәдени бағыттағы ірі жобалар мен шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Мысалы, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» Бағдарламалық мақаласының шыққанына 1 жыл толуына арналған көрмеге, «Рухани қазына-2018» Бірінші Республикалық мәдениет қызметкерлері фестиваліне, «Astana Art Show-2018» Бірінші Халықаралық музыкалық көрмесіне және т.б. қатысқан. Гаухар Тасбергенова тек талантты пианист қана емес, сондай-ақ халқы мен ата-анасына алғысы шексіз қызы, қонақжай әйел және адал жар, отбасының ұйытқысы, екі баланың анасы. Ол балаларына сұлулықты сезіне білетіндей тәрбие беруге, мәдениет арқылы отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңіруге тырысады.