Гордей Трищенков - IT-маман, фотограф 

Гордей Трищенков аяқ-қолдың даму ақауымен дүниеге келген, 1-топ мүгедегі. Бес жасынан бастап аяғына протез киген Гордей барлық балалар сияқты балабақшаға барады, мектепте білім алады. Мектепті аяқтағаннан кейін, “аудармашы” мамандығы бойынша жеке университетке оқуға түседі. 

“Мен жүре мүгедек болған жоқпын, сондай болып тудым - мұны қабылдау оңай. Ата-анам маған мүгедек деп қараған емес, арнайы мектептерге я болмаса мекемелерге берген жоқ. Бұл менің психологиялық дамуыма көп әсерін тигізді” дейді ол. 

Төртінші курста Гордей қалалық емханаға жүйе әкімшісі болып жұмысқа орналасады. Кейін бірнеше ақпараттық порталдарда модератор, жеке фирмада дизайнер қызметтерін атқарып, түрлі сайттардың жұмысын қамтамасыз етеді. Қазір Гордей «Uniserv» жол-құрылыс компаниясында IT-маман. 

Осыдан біраз жыл бұрын Гордей өзіне жаңа хобби тапты. Фотоаппарат сатып алып, фотосурет әлемінің қыр-сырын ұғына бастаған жігітке уақыт өте келе тапсырыстар түсіп, хобби қосымша табыс көзіне айналды. 

“Бізде әлі де мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмысқа орналасу қиын. Ал жұмыс адамның ойын бөліп, шабыттандырады”. 

Гордей өзінің барлық кәсіби машықтарын интернет арқылы үйренгенін айтады. “Интернет - шегі жоқ әлем. Ол тек ықылас пен жігерді қажет етеді”, - дейді ол.