Индира Әбілдаева – баскетболдан балалар жаттықтырушысы, спорт шебері, 1 санаттағы жаттықтырушы, елордадағы ойындық спорт түрлері бойынша үздік бапкерлер бестігіне кіреді. Ол мектепке дейінгі және ерекше балаларға арналған «Astana Eagles» баскетбол мектебінің негізін салушы.

– Мен ұзақ уақыт бойы балалар бапкері болдым. Оларды 9-10 жастан баскетболға баулыдым. Бірақ, осы спорт түрі дамыған елдердің тәжірибесінде балалар бұл спортпен одан да ерте жастан айналысады екен. Сол себепті, Қазақстанда осы спортты жоғары деңгейге шығару үшін тәуекелге барып, мектеп аштым, – дейді жаттықтырушы.

Осылайша, ол 3-6 және 6-8 жастағы балаларға арналған екі топ құрады. Ерекше бағытта жұмыс жүргізіп жатқан Индираға бір күні аутист-баланы әкелген екен.

– Ол бала мен шабыттандырғаны соншалық, осы бағытта жұмыс жасауды қолға алдым, – дейді Индира.

Ол аутист бүлдіршіндермен байланыс орнату үшін Республикалық балаларды оңалту орталығында біліктілігін арттырады. Ізденімпаз қыз аутизмді толық танып-біліп, осындай дерті бар балаларға дұрыс методика таңдап, өз ісіне кіріседі. Расында аутист-балаларға спорттың тигізер көмегі орасан зор. Алайда, ондай балалардан себетке допты түсіріп, ұпай жинауды күтудің қажеті жоқ. Олардың басқалармен қарым-қатынас жасап, әлеуметтік белсенділік танытуының өзі үлкен жетістік.

– Менің клубымның тағы бір ерекше бағыты – кішкентай балаларды баскетболға баулу. Мен 3 жастағы балаларды баскетболға қабылдайтын Астанадағы жалғыз жаттықтырушымын. Көбі «ерте емес пе?» деп сұрап жатады. Ал мен «қаншалық ерте болса, соншалық пайдалырақ» деймін. Ерте жастағы балаларды баскетболға толықтай үйретпеймін. Ең алдымен, мен оларды ойлау жүйесін дамытып, тактикалық икемдері мен физикалық мүмкіндіктерін аша түсемін, – дейді бапкер.

Индира мектебінен өткен кез келген бала осы спорт түрін жан-тәнімен сүйіп қалатына сенімді. Ол елімізде өткен жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстанның жастар құрамасының сапында тер төккен.