Канат Бейсекеев – фотограф

Қанат Зарубекұлы Бейсекеев 1992 жылдың 11 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген.

Алматы қаласындағы UIB университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Мектепті бітірген Қанат жоғарғы оқу орынына грантқа түсе алмай қалады. Оқудан пайда таппайтынын сезген ол өздігінен фотограф болып жұмыс істей бастайды.

Алғашқы фотоаппаратын әпкесі несиеге алып берген. Түнгі клубтар мен мейрамханаларда фотограф болып жүрген Қанатты танымал блогер Алишер Елікбаев байқап қалады. Түсірген суреттері оның көңілінен шығып, voxpopuli.kz сайтына жұмысқа шақырады. Бірнеше жыл voxpopuli.kz сайтының фототілшісі болып қызмет атқарған. Қанаттың айтуынша алғаш қолына камера алған кезде 11-сынып оқушысы болған екен.

2013 жылы Қанат Бейсекеев әлемдегі ең айтулы оқу орындарының бірі болып саналатын «New York Film Academy» академиясына digital art and photography мамандығына грант жеңіп алады. Ол «Америкадағы қазақстандықтар» деректі фильмдерімен елге танымал болды.

2017 жылы Қанат Бейсекеев қазақстандық балаларды асырап алған америкалық отбасылар туралы «Бала» деректі фильмін көпшілік назарына ұсынды. Автордың айтуынша бұл оның өміріндегі ең маңызды жоба. Кейіпкерлерінің жан-тәнін ерекше қырынан аша білетін, өзіндік қолтаңбасы бар жас режиссерден болашақта керемет туындылар күтеміз.