Көңілбай Шүкеновтің  есімі көпшілікке мұқтаж жандарға тегін үй салып беретін қайырымды азамат ретінде танымал.  Ол - әлеуметтік жобалардың авторы, «ASYL ADAM»  қорының негізін қалаушы.

2014 жылы құрылған уақыттан бастап, Көңілбай Қалдыбекұлының Астана қаласы мен Ақмола облысында 40 шақты көпбалалы отбасыны баспаналы еткен еңбегін жұртшылық жақсы біледі. Алдына келіп көмек сұраған жандардың жағдайымен танысқаннан кейін жұмысы жоқтарға бейімі бойынша шағын кәсіп ашып беріп көмектесіп, жоқшылықтың кесірінен ажырасқалы тұрған отбасының пәтер жағдайын шешіп берген болатын. Осындай көмектерін жар салып айта бермейтін азаматтың  қолға алған жобалары аз емес. Нақты мысал ретінде айта кетсек, 2017 жылы Астана қаласы Алматы ауданының әкімдігінің өтініші бойынша қақаған қыста киіз үйде тұрып жатқан Бекболатовтардың отбасына  қор өз қаражатымен жеке үй салып бергенде талай уақыт баспана азабын тартқан отбасының қуанышында шек болған жоқ. Бұл Көңілбай Шүкеновтың қайырымдылық ісінің бір парасы ғана.

Өткен жылы Ақмола облысы Семенов селосындағы су тасқынынан зардап шеккен 35 отбасының жағдайын естіп, қол ұшын созып, баспаналарын қайта қалпына келтіріп, төртеуіне жаңа үй тұрғызып  беріп, бірнеше ұлттың өкілдері тұратын елді мекен тұрғындарының ризашылығына бөленген. Ол жайлы Қарағанды қаласында өткізілген қордың есеп беру концертінде  отбасымен бірге сахнаға көтерілген «Асыл адамның» арқасында зәулім үйлі болған осы селоның тұрғыны Таңат Маратұлының  жүрекжарды сөзі  елді тебіренткен еді.

 2018 жылдың наурыз айының 16-да Қарағанды қаласы, Седов көшесінде орналасқан көп пәтерлі үйлері өртеніп баспанасыз қалған тұрғындардың өтінішін жерге қалдырмай, бүгінде қор 12 пәтерлік үй салуға кіріскен. Концерт кезінде сөз алған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов   Көңілбайдың осындай қайырымды істеріне ризашылығын білдіріп, азаматтығына тәнті болып «Сен ерсің, Көңілбай, нағыз жаңа айтылған ән жолдарындағыдай тағдырдың  бастарына салған тауқыметтерін көтерісуге тек ер азаматтар ғана қол ұшын беріп, бірге көтеріседі», – дегені соның айғағы.

Көңілбай Шүкенов жастайынан еңбекке араласып, ешқашан қол қусырып қарап отырған емес. Әрдайым тәуелсіз еліміздің азаматтары бақуатты өмір сүрсе, еңбегінің жемісін көрсе, армандарының орындалатынына сенсе деген ниетпен қайырымдылық шараларын өткізеді. Өзі отбасында бес бала тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Сондықтан, 2016 жылы Қордың бастамасымен «Бақытты отбасы» телевизиялық жобасы дайындалды. Жоба аясында Ахуновтар отбасына барлық жиһаздарымен  тегін салынып берілген үй, жылдар бойы баспана мұқтаждығын көріп келген жандардың шат-шадыман жүздері,арманға қол жеткізуге себепкер болған қордың қызметі жайлы халық  кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Қазір  қордың  «Бақытты отбасы» жобасы  YOU TUBE каналында жүзеге асырылуда.

«Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады», – дегендей, Көңілбай ашқан қайырымдылық қорының арқасында  талай отбасы материалдық жағдайларын түзеп, бірі жұмыспен қамтылса, бірі баспана мәселелерін шешіп алдағы күндеріне сеніммен қарайтын болды.  Биылғы жылы өзі туған Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында өткізілген «Жомарт жүрек» байқауында арнайы тағайындалған аталымның жеңімпазы атанған Көңілбай Шүкенов алдағы уақытта да талай қайырымды істер мен жобалардың бастауында игі істерін жалғастыра беретініне сенім мол.