Қуаныш Тастамбек – жас ғалым, биотехнолог

Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Биотехнология» мамандығы бойынша білім алған. Магистрлік, докторлық дәрежесі бар жас ғалым еңбек жолын «Биология және биотехнология мәселелері» ғылыми зерттеу институтында зертханашы болып бастап, кейіннен кіші ғылыми қызметкерлікке өтеді. Одан соң, «Экология мәселелері» ғылыми зерттеу институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Докторантура оқып жүріп Қытайда, Германияда, Ресейде арнайы семинарларға қатысып, тәжірибе жинақтаған.        

Ғылыми зерттеу бағыты: биотехнология, медициналық биотехнология, экологиялық микробиология, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы. Яғни, мұнаймен ластанған орталарды биотехнологиялық әдістер арқылы тазарту технологиясы мен олардың мониторингін жасау (1 патент), мал шаруашылығында азықтық препараттардың технологиясын (2 патент), медициналық биотехнология бойынша іріңді жараны аз уақытта емдеп жазатып препараттың технологиясын зерттеген.            

Ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесін Италияда халықаралық конференцияда қорғап, Ресей Федерациясының жас ғалымдарға арналған қысқы мектептің жеңімпазы, «Posko» Корея Республикасының стипендиаты, ҚазҰУ түлектер стипендиаты атанды. Ғылыми жетекшісінің бастамасымен көмірге қатысты жобасы мемлекеттік қолдау тауып, грантқа ие болды. Қазір ауыл шаруашылығындағы құнарсыз топырақтарға пайдасын тигізетін тас көмірден биогумус алу технологиясын және түтіні мен күлділігі аз брикеттер жасаумен айналысуда.