Үстел теннисшісі, Трансплантация және диализ жасалған адамдар арасындағы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері

5 жасында Лаура сырқаттанып қалады. Ангинасы асқынып бүйрегіне зақым тигізген. Осыдан бастап балалық шағының басым бөлігі ауруханаларда өткен еді. Аулада балалармен қас қарайғанша ойнау, мектепке сабаққа барып, жазғы демалыстарды асығып күту деген сияқты сәттерді басынан кешірмеді. Лаураның балалық шағы туралы естеліктері  Қостанай, Алматы, Астана қалаларындағы ауруханалардан, палатада жатқан балалар мен медбикелерден құралады. Бала кезінен ІІ топ мүгедектігін алды. Бірақ Лаура Табажанова ешқашан мойымады. Білімге, өмірге құштарлығы сәл де болса бәсеңсіген емес. 2007 жылы қатарынан қалмай университет бітірді. Бірақ 2011 жылы бүйрегі нашарлады, гемодиализ (бүйрек қызметін атқаратын аппаратқа қосылу) жасауға тура келді. Процедура өте ауыр өтті. Бірнеше рет реанимацияға түсті. Дәрігерлер қолдан келгенін жасап, бірнеше рет құтқарып қалды. Лаура жүруден, тұрудан қалды. Тек арқасын сүйеп, еденде отыратын еді. Салмағы 34 килограммға дейін арықтап кетті. Бір жыо бойы донор бүйрегін трансплантациялау бойынша ота жасауға мүмкіндік болмады. Осы кезде Лаура өмірінің өз қолында екенін түсініп, барлық мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысты. Құр сүлдері қалған қыз 5 айдың ішінде қалпына келді. Сонымен 2012 жылы ота жасалып, өмірге қайта келгендей болды.

«Мен өмірге екінші рет келгендей болдым. Осы уақытқа дейін ойланбаған, бағаламаған дүниелерге көзқарасым өзгерді. Өмірдің қандай ғажап екенін түсіндім», дейді Лаура Табажанова.

-          2017 жылы Ақтау қаласында органдары трансплантация және диализ жасалған адамдар арасындағы халықаралық спартакиада туралы естідім. Барамын деп шештім. 13 жасымнан үстел теннисіне қызығатын едім. Бұл сайыста үстел теннисінен 1 орынды жеңіп алдым. Бұл менің спорттағы алғашқы жеңісім еді!

Осылайша Лаура Табажанованың спорттағы мансабы, жеңіске, күш-қайратқа толы өмір кезеңі басталды. Бұл жеңісі оған Еуропа чемпионатына есік ашты. Мұнда да трансплантация және диализ жасалған адамдар арасында жүлделі орын иеленді. Лаура әуесқой теннистен кәсіби тенниске өту үшін аянбай тер төкті. 2018 жылы Қазақстаннан 5 адам Италияға Еуропа чемпионатына 5 адам аттанды. Лаура Табажанова үстел теннисінен және дартстан 3 орынды жеңіп алды. Лаураның жеңісі өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ екенін көрсетті. Үмітсіз жағдай, дәрменсіздік бұл тек жазушылар шығармаларында сипаттау үшін қолданатын сөз. Ал өмірде бәрі мүмкін!

Қазір Лаура екінші жоғары білім алуды шешті. Ол Денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша педагогика факультетіне түсті. Сонымен қатар 2019 жылы Англияда өтетін бүкіләлемдік ойындарда бас жүлдені алуға дайындалуда.