Мая Жұманбекова – дизайнер

Мая Жұманбекова - арт-директор, «Mimioriki» балалар киімінің тұңғыш қазақстандық брендінің дизайнері (Алматы)

 Мая 1976 жылы 1 мамырда дүниеге келген, барлық кеңестік балалар секілді бала кезінен жан-жақты болған, жүзумен айналысып, сурет салу, үй шаруашылығы, би, фортепиано үйірмелеріне қатысқан. Сурет салуға, тігіс тігуге және қуыршақтарды киіндіруге деген құмарлық оның болашақ мамандығын сол кезде-ақ анықтап берген!

Бала кезінде әжесімен бірге қуыршақтарға керемет көйлектер тігетін, ал анасы 20 жылдан астам уақыт «1 мамыр» тігін бөлімшесінде жұмыс істеп, үлкен тігін цехын басқарған. Мая анасымен бірге жұмысына барып, процесті бақылап, жіптер орамын жайып, мата кесінділерін зерттеп, қиялдап, түрлі киім үлгілерінің суретін салғанды жақсы көретін.  

Орта мектептің 9-сыныбын бітірген соң Мая кездейсоқ №117 мектеп-кешенінің «Костюм үлгілерін сызу» кәсіби сыныбына оқушылар жинау туралы хабарлама тауып алады. Мақсатын айқындап алған ол, бір түнде өзіне «дизайнерлік бейне» тігіп алып, эскиздерінен портфолио жинап, байқауға барады да, екі кезеңнен де өтіп, аталмыш сыныптың оқушысы болады. 1993 жылы мектепті үздік дерлік бағамен бітіріп (аттестатында 1 төрттік баға бар) Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтына оқуға түседі. Ол жерде мықты топ жиналған екен, студенттердің көпшілігі көркемөнер училищесінің түлектері болып шықты, бірақ Мая жасқанып, алған бетінен қайтқан жоқ. Нақты мақсат қойылды және ол сол мақсатқа қарай жол тартты. Оқыды, тырысты, студент кезінде авторлық коллекцияларымен ЖОО ішіндегі және халықаралық байқауларға қатысты: 1996 жылы «Шығыс маусымы» халықаралық сән және музыка фестивалі, 1997 жылы “SMIRNOFF INTERNATIONAL FASHION AWARDS” халықаралық жас дизайнерлер байқауы, 1998 жылы “ДАЛА АРУЫ” сән фестивалі (Астана қаласы) және т.б.

1998 жылы Мая ЖОО-ны үздік дипломмен бітіріп, «Киім дизайны» кафедрасына оқытушы болып қабылданады. Сол аралықта оны  «Казахстан Тексти Лайн» ЖШС-ға дизайнер ретінде шақырады, сонымен 20 жыл Мая университтегі теорияны өндірістегі практикамен ұштастырып жүр.

Жұмысын қатардағы дизайнерліктен бастаған Мая алдымен жетекші дизайнер, кейін «Казахстан Тексти Лайн» ЖШС-ның арт-дизайнері болады. 2008 жылы аталмыш кәсіпорынның негізінде Mimioriki» балалар киімінің тұңғыш қазақстандық бренді пайда болады. Бренд дүниеге келгеннен бастап қазірге дейін Мая Қазақстан ғана емес, Ресейдің де балаларының игілігі үшін жұмыс істеп жүр.

Mimioriki – нарықты сенімді жаулап отырған табысты бренд. Қазақстанның 9 қаласында 13 фирмалық дүкендер жұмыс істейді,  Самара қаласында (Ресей) 1 дүкен ашылған, бренд «Алтын сапа-2011», «Франшиза-2011» сыйлықтарын, «Ресей сән үлгісі» байқауында 1-орын жеңіп алған, Kazakhstan Fashion Week», «Mersedes Benz Fashion Week» қатысушысы және бұл жетістіктер тізімінің бір бөлігі ғана.

Мая маусымына 17 коллекция, жылына 34 коллекция шығаратын брендтің барлық коллекцияларының авторы болып табылады. Соның арқасында киімдер түржинағы балалар мен олардың ата-аналарын қуантып, тұрақты түрде кеңейтіліп отырады. Мая жұмысын жақсы көреді, ол оған әр қадам сайын мақсатына жақындай түсіп, саналы түрде жеткен.

«Мен айналысып жүрген ісімді, өмірді, ата-анамды, бауырларымды, жиендерімді шексіз жақсы көремін, ал ұлым десе ішкен асымды жерге қоямын. Махаббат менің басты шабыттандырушым. Қорықпай мақсат қойып, оған жеткендеріңіздің елестетіңіздер, сол кезде ол орындалады. Мен балаларды жақсы көремін, балалар үшін жұмыс істеймін, киім өлшеуде, көрсетілімдерде және фото сеттерде айналамда үнемі балалар  жүреді. Мен олармен уақыт өткізуден ерекше нәр аламын! Мен Қазақстанда ең бақытты,  ең білімді, ең ақылды және ең әдемі балалар болса екен деп армаймын! Мен киім арқылы талғам, стиль және өлшем сезімін тәрбиелей отырып, осыған титтей болса да үлес қосып жүрмін деп үміттенемін. Балалар біздің барымыз, біздің бақытымыз, көз қуанышымыз, жаңа дамыған Қазақстанды құратын және қалыптастыраты біздің болашағымыз!» - дейді Мая.