Пациеттердің шексіз тізбегі, қабылдау, «үздіксіз қоңырау», қағаздар, бітпейтін медициналық құжаттар, есептер, әйелдер, қуаныш пен көз жасы, үміт, торығу, əр пациентке жедел бөлінген 15 минут – бұның бəрі əйелдер дəрігерінің кішкентай кабинетінде орын алатын жағдайлар. Есік ашылып, кабинетке жүзі мұңды, көзінде үміті, санасын жаулаған сұрағы бар пациет кіреді. «Дəрігер, бəрі бұрынғыдай ма?» – келіншек имене сұрады. «Жо-жоқ! Бұл жолы біздің қолымыздан келді. Сіздің аяғыңыз ауыр. Егіз болады!» Міне, қуаныш! Міне, бақыт! Бұл әйелдің тағдыры қызығарлықтай емес. Жастық шағында асқынған перитонитті бастан өткерді. 42 жасына дейін бала сүймеді. Көмекші репродуктивтік технологиялардың  көмегімен және дәрігердің қолдауымен сегізінші әрекетінде ана атануға үміт пайда болды. Қаншама күш-жігер, қаншама төзім, қаншама уақыт. Ана болу бақытына қол жеткізу үшін бастан не өткермеді. Енді алда 9 ай жүктілік және босану мерзімі. Алға ұмтылуының арқасында кейіпкеріміз арманына қол жеткізді. Бұл бүгіндікке 44-ші пациент еді. Ал дәрігердің ойынан басқа бір әйелдің әлі тумаған баласын перзентханаға тастап кету туралы шешімі кетер емес. Дәрігер әр қайсының қуанышы мен қайғысын бөліседі. Алда әлі де көп жұмыс бар.

Ол бала кезінен дәрігер болуды армандады. Арманының орындалуына қарай үнемі қадам басты. Мереке Қалдыбай 1989 жылы дүниеге келді. Балалық шағында өзге балалардан ерекше болды. 6 жасында бірден 2-сыныпқа барды, себебі әріптердің басын қосып оқи алатын және 3-сыныптың оқу бағдарламасын меңгеріп алған еді. Мектепте белсенді оқушы болды: олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанды, пікірталастарға қатысты. «Домбыра» сыныбы бойынша музыка мектебін аяқтады. 2012 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіріп, еңбек жолын Тараз қаласындағы емханалардың бірінде бастады. Ал 2015 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін №5 қалалық емханада қызмет атқарады.

Бір орында отырып жұмыс атқару оған тән емес. Жүкті әйелдер мен пациеттерді тексеру және оларға кеңес берумен қатар, емхана ішіндегі «Жастар денсаулық орталығында» дәрігер-гинеколог. Университет және колледж студенттеріне, оқушыларға санитариялық-ағарту жүмысын жүргізеді, жастарға интимді гигиена, контрацепция, жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялар туралы кеңес береді. «Профилактика – емдеуден де маңызды» деп санайды. Біздің болашағымыз өскелең ұрпақтың репродуктивтік денсаулығына байланысты.

Сондай-ақ Мереке Жамбыл облыстық медицина колледжінде «Гинекология және акушерлік қызмет» пәнінен сабақ береді. Орта медицина қызметкерлері мен акушерлердің өсіп келе жатқан буынына тек теорияда ғана білім бермей, сонымен қатар практикалық дағдыларға да үйретеді. 2016 жылдан бастап «Тараз қаласының кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында» эндоваскуляр хирургтармен бірлесіп, жатыр артериясының эмболизациясымен айналысады. Бұл – пациенттің  функционалды жатырын, бала көтеру мүмкіндігін сақтай отырып, белсенді хирургиялық әдісті қолданбай, қатерсіз ісікпен күресуге мүмкіндік беретін заманауи әдіс.

Әдістің мәні миоматозды түйіннің азықтануын тоқтатуға және олардың тәуелсіз жойылуына әкеліп соқтыратын жатыр артерияларын жабу. Орталықта жұмыс істеген екі жылдың ішінде рентгенхирургтармен бірге 200-ге жуық жатыр артериясын эмболизациялау процедурасын жасады, яғни 200 әйелдің репродуктивтік органдарын сақтап қалды. Процедуралардан кейін бұрын бедеуліктен зардап шеккен әйелдер өздігінен немесе ЭКО арқылы бала көтеріп, ана атанған нәтижелер тіркелді. Осындай оң нәтижелер оның одан әрі де үлкен серпіліспен жұмыс істеуіне жігер береді. Оның мамандығына деген сүйіспеншілігі шаршауына, шағымдануына жол бермейді, «егер біз отандық медицинаның дамуына үлес қоспасақ, оны кім дамытады?» - дейді ол.

Халықтың денсаулығы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету, яғни емханалардың жұмысына байланысты. Сондықтан Медининалық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметкерлері мен емханалардың дәрігерлері ең алдымен өте сауатты,  мейірімді және алдыңғы қатарлы маман болуы керек. «Қазір біздің медицина әлемдегі ең үздік мединицаның  қатарында емес екенін білемін, дегенмен әріптестерімнің, әсіресе жас дәрігерлердің жетістіктерін көргенде, ертеңгі күнге деген сенімділік, тіпті әріптестеріме деген мақтаныш пенмедицинаны жетілдіруге ұмтылыс пайда болады» - дейді жас дәрігер акушер-гинеколог, үш баланың анасы.