Мират Жекеев – дойбыдан он бір дүркін әлем чемпионы, Қазақстандағы алғашқы халықаралық гроссмейстер.

Ол 1996 жылы 4 шілдеде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бала кезінен интеллектуалды спорт түрлеріне қызықты және атасы мен әкесімен бірге шұғылданды. 2006 жылы ол дойбымен кәсіби түрде шұғылдана бастады  және осы уақыт аралығында осы спорт түрінен Қазақстанда алғашқы ең жоғарғы атаққа жетті, ол – халықаралық гроссмейстер атағы.

Мират Назарбаев Университетінің құрылыстық инженерия мамандығының 4-курс студенті. Спорттағы жетістіктерімен қатар ол оқуда да биіктерге қол жеткізді. Мектеп жылдары ол «Компьютерлік физика» халықаралық олимпиадасында 1-ші орынды иеленді және арнайы физика-математикалық мектепті «Алтын белгіге» бітірді.

Интеллектуалды спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін Мират «Ақтөбе облысының жыл адамы - 2011» атағына ие болды. Ол ЭКСПО-2017 аясында Швейцария павильоны ұйымдастырған инновациялық идеялар байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Мират өзінің 22 жасында жастардың патриоттық рухы мен туған жерге деген адалдығымен адамгершілік тәрбие беруге ықпал ететін лайықты үлгі болып табылады.