Нұрлан Иманғалиев өз кәсібіне ғашық ұстаз. Ол ұстаздар, білім беру проблемасына алаңдаушылық білдіріп, жаны ашып отыра бермейді. Кез келген мәселеден шығу көздерін қарастырады. Әлемдегі білім беру жүйесі ең озық Финляндия болса, финдардың мектептерімен танысып, тәжірибе алмасады. Осылайша ең жаңа технологияларды отандық білім жүйесіне енгізіп жүреді.

Нұрлан Иманғалиев Ақтөбе қаласындағы Қазақ Түрік лицейлерінің түлегі. Лицейден Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінде ағылшын тілінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Университеттен соң өзі білім алған Қазақ-түрік лицейлерінде, «Нұрорда» мектеп лицейлерінде мұғалім болып қызмет етті. Нұрлан Иманғалиев білім беру саласындағы соңғы трендтер, әдістерді жіті бақылап жүреді. Оны қазақстандық жүйеге бейімдеп, өзінің сабақтарында үнемі қолданады. Қазір педагогикада кеңінен қолданып, трендке айналған жаңа технологияларды Қазақстанда алғаш қолданған ұстаздың бірі де бірегейі. «Ол стандартты емес мұғалім. Оқушыларға не қызық, тинейджерлерде трендте не бар соның барлығын бақылап жүреді. Нұрланның әр сабағының оқушылар үшін мереке болатыны сондықтан»,-  дейді әріптесі Бағлан Омаров.   Оқушылар Нұрланды ешқандай тыйым салмай, өз ырқына бейімдей алатыны, сонымен қоса терең білім беретіні үшін жақсы көреді. Кез келген қиын сабақты, қарапайым, өз тілімізбен, өз дүниетанымызымызға сәйкестендіріп түсіндіреді дейді оқушылары. Қазір Нұрлан USTAZ Professional Learning Centre орталығын ашып, ұстаздарды өз ісін сүюге, білікті ұстаз болуды үйретеді.

Нұрлан Иманғалиевтің тағы бір қыры өзге елдің озық тәжірибесін зерттеп, біздің ұстаздар қауымына әлеуметтік желі арқылы сіңіріп жүреді. Жақында ұстаздар мен ата-аналардың #superteacherkz деп аталатын онлайн-марафонын ұйымдастырды. Марафон Telegram, Facebook және Google Classroom-де өтуде. Бұл марафонда Dave Burgess, Ken Robinson, Rafe Esquith, Ron Clark, Alfie Kohn сияқты авторлардың мақалалары мен кітаптарынан үзінді оқып, талқылайды. Бұл марафонды Әзірбайжан, Англия, Армения, Беларус, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Ресей, АҚШ, Түркия, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерден 600 астам адам қолдады. Біреулер ағылшын тілін жетілдірсе, біреулер пайдалы мағлұмат алды, енді бірінің өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі оянды, бірі мектептен кету туралы ойынан айнып, шабыт алды.