Нұрлан Қалтаев – туған ауылынан жан жылуын аямаған азамат. Ол бірнеше жыл бұрын Қарқаралы ауданы, Қоянды ауылына мешіт салып, жамағаттың алғысын алды.

Мини-футбол алаңқайын салып, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасады. Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орайластырып, 130 түп алма ағашын отырғызып, бау-бақшаның қақ ортасынан субұрқақ орнатты. Нұрланның тағы бір үлкен жақсылығы – ауылдан 10 бөлмелі үй тұрғызып, оған балалар үйінен 8 баланы орналастыруы.

– Баланың санын көбейту арқылы мектептің жабылуына жол бермейміз, – дейді кәсіпкер.

Тіпті ол балалардың болашағын ойлап, ауылдағы бір көшедегі көшіп кеткен тұрғындардың үйін жөндеп беруге дайын. Ал қалаға аттанам дейтіндерді арнай зооветтехникумға оқытпақ,

2016 жылы Нұрлан Айтмұхамбетұлы «Abadan» клубын құрды. Бұл жекпе-жек спортының жаттығу залы. Клубта UFC жекпе-жегін өткізетін талапқа сай келетін шаршы алаң да бар. Кәсіпкер осы арқылы қазақ балаларының арасынан болашақ чемпиондарды дайындамақ. Болашақта Нұрлан Қалтаев тағы да үй салып, балалар үйінен тағы бірнеше баланы орналастыруды жоспарлап отыр.

– Мемлекет маған не береді деп өмір сүруді қойып, өзіміз мемлекетке пайдалы болатын іспен айналысуымыз керек, – дейді ол. – Сол сияқты Қарағанды қаласындағы тәрбиесі қиын балалармен жұмыс жасауды ойлап жүрмін. Олар үшін арнайы мектеп салдырып, спортқа баулып, психолог-мамандардың назарында ұстауды дұрыс көремін.