Раушан Базарбай – Сана-Сезім» ЖШС, «Q-med» корпоративтік қорының атқарушы директоры

Раушан Ахметуллақызы 1978 жылы 9 қарашада Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген.  Ол 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде әлеуметтану, 2007 жылы Қызылорда «Болашақ» университетінде жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Раушан Базарбай әр жылдары үкіметтік емес ұйымдарда еңбек етіп, өзінің азаматтық белсенділігін танытып жүр. Атап айтқанда, «Ақ көгершін» мүгедек балалар мен ата-аналарды оңалту орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, «Бәйтерек» жастар қоғамдық бірлестігінің директоры, «Шиелі-Бәйтерек» газетінің редакторы, «Бота» қоғамдық қорының Қызылорда облысы бойынша аймақтық менеджері, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы әлеуметтік жобалар бойынша тәуелсіз сарапшысы, «Keysourse Kazakhstan» тренинг-консалтингтік орталықтың қоғаммен байланыс менеджері, «Торғай- Петролеум» АҚ-ның PR жобалар бойынша маманы, «ҚОР» мұнай компаниясының «ҚОР шарайнасы» корпоративтік журналының бас редакторы қызметтерін абыройлы атқарған.

Раушан Базарбай қазіргі таңда «Сана-Сезім» ЖШС, «Q-med» корпоративтік қорының атқарушы директоры болып еңбек етеді. «Q-med» медициналық орталығының негізгі бағыты – емделушілерге кешенді әрі әмбебап бағдарлама бойынша эндоэкологиялық сауықтыру. Бұл бағдарламаны «Сана-Сезім орталығы» ЖШС мамандары әлемдік қалпына келтіру терапияларының тәжірибесін негізге ала отырып зерттеген. Емдеу шаралары табиғи шөптермен жүргізіледі. Қазіргі таңда Қызылорда облысындағы науқастардың иммунитетін қалпына келтіруге, денсаулық сақтау мен емдеуге бағытталған клиникада балалар мен ересектер емделе алады. Екі жылдың ішінде орталық 1600 азаматқа кеңес беріп, 898 емделушіні сауықтырған. Олардың ішінде ТМД елдерінен, Сауд. Арабиясы, Оңтүстік Корея, Украина, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары бар.  Раушан Базарбай бірнеше Батыс және Еуропа елдерінде қоғамдық азаматтық белсенділікті арттыруға, отбасында балаларды тәрбиелеуге байланысты ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға қатысып, бала тәрбиесі жайлы еңбектер жазған. «Ерекше мүмкіндіктері бар бала: отбасында және қоғамда», «Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс» атты еңбектері көпшілік қызығушылығы мен сұранысына ие болған.