Сая Болатханқызы – археолог, ғалым, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының аға оқытушысы, философия докторы (PhD), Тәуелсіз Қазақстан тарихында тас дәуірінің күрделі кезеңі палеолит тақырыбында тұңғыш рет докторлық диссертация (PhD) қорғаған қазақтың археолог-қызы.

Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің түлегі. Өзінің еңбек жолын Алматы облысы, Ақсу ауданының Қызылағаш орталау мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Қазақстан палеолит мектебінің негізін қалаушы тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі танымал археолог Таймағамбетов Жәкен Қожахметұлының шәкірті. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тас дәуірінің күрделі кезеңі палеолит тақырыбында тұңғыш рет докторлық диссертация (PhD) қорғаған қазақтың археолог-қызы. Америка Құрама Штаттарының Форт-Колинс қаласында Колорадо университетінде және Германияның Нойвид қаласында «MONREPOS» ғылыми-зерттеу орталығында тағылымдамадан өтті. Көптеген халықаралық археологиялық экспедициялардың мүшесі (АҚШ, Германия, Бельгия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және т.б.).

Сая Болатханқызы археология ғылымының өте аз зерттелген тас дәуірінің палеолит кезеңін жан-жақты зерттеп, Қазақстан аумағында халықаралық археологиялық экспедициялардың қазба жұмыстарының жүргізілуін ұйымдастырды. 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Оның ішінде - 6 мақала ЖАҚ журналдарында, 5 мақала шетелдік (Польша, Румыния, Корея, Қырғызстан, Германия), 31 халықаралық және республикалық конференциялар жинақтарында, 4 мақала республикалық журналдарда, 4 мақала Scopus базасында тіркелген журналдарда жарық көрген. «Қазақстанның келешегі жас ұрпақты тәрбиелеуге және ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан үлесі үшін» Ақсу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін» Алматы облысының білім департаментінің Құрмет грамотасы және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының алғыс хаттарымен марапатталған.