Сырым Сүндетов – бейбіт күннің батыры, Ақтөбе қаласында болған лаңкес кезінде ерлігімен көзге түскен әскери қызметкер

Сырым Адырбайұлы 2016 жылғы маусымның 5 күні Ақтөбе қаласында орын алған теракт бейбіт жатқан елімізді дүре соққандай аяғынан тік тұрғызып, тыныштығымызға төнген ауыр қатер болғаны сөзсіз. Әлбетте, қанға біткен қасиет – жаужүректілік пен бойға біткен ептілік – күш құрылымдарының біліктілігі мен кәсіби шеберлігі арқасында бір топ қылмыскерлердің арам ойы жүзеге аспай, тұтқиылдан жасалған шабуылға дер кезінде тосқауыл қойылды. Өкінішке қарай, лаңкестердің қолынан бейбіт тұрғындар мен әскерилер жапа шегіп, 7 адам көз жұмса, бірқатарлары жарақат алған болатын. Солардың ішінде 6655 әскери бөлімінің аумағында қарсыласқа тайсалмай соққы беріп, батылдық танытып, ауыр жарақат алған қатардағы Сырым Сүндетов та бар еді.  1994 жылдың 13 сәуірінде дүние есігін ашқан Сырым Сүндетов Шымкент қаласының тумасы. Жасынан зерек өскен бозбала кішкентай кезінен оқу-білімге құштар болып есейеді. Орта білімді Ақтөбе өңірінің Мұғалжар ауданында алып, кейін отбасы 2011 жылы Шымкент қаласына көшуді ұйғарады. Осы жерде Сырым болашақ кәсібін таңдап, М. Әуезов атындағы технология университетіне қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Араға төрт жыл салып, киелі білім ордасын аяқтаған соң жас жігіттің ендігі мақсаты – мамандығына сай қызмет жасау еді. Бірақ, Сырым ең алдымен Отан алдындағы борышын өтеуді парызы санап, бір жылдық әскери міндетін атқару үшін Ұлттық ұланның Ақтөбе қаласындағы әскери бөліміне аттанады. Алғашқы күндерден-ақ жас жауынгер курсына етене араласқан сарбаз әскери саланың қыр-сырын еркін меңгеріп, сауатын кеңейте түседі. Сөйтіп, қызметтің дәмін татқан Сырым жедел мақсаттағы 3 рота құрамында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетеді. Ішкі қарауыл қызметіне де жиі түсіп, тіпті, әскери бөлімнің құрмет қарауыл ротасы сапына да ілініп, облыс орталығы мен гарнизондағы әскери рәсімдерді өткізуге білек сыбана атсалысады. Бірақ... Маусымның 5-де орын алған оқиға Сырыммен бірге Ақтөбе тұрғындарының ұйқысын төрт бұзды. Бұл күні Сырым күндізгі сағат 13.00-де ішкі қарауылға қызметке түсіп, жарғыға сәйкес қызметін атқарып жатқан болатын. Тыныш қызметтің шырқын кенеттен берілген дабыл бұзса керек. Қару асынған қарауыл құрамы жіті қимылдап, дереу дабыл бойынша шабуылға тойтарыс беру үшін шығады. Алғашқылардың бірі болып қарсыластармен ұрысқа сержант Балықжанов, қатардағы жауынгерлер Чернышов пен Сүндетов те түскен еді. Шайқас аймағы – спорт зал маңы. Бір мезетте лаңкестің атқан бытыра оғы Сырымның аяғына тиіп, жауынгер жарақат алады. Алайда, Сырым бұған қарамастан өзі де оқ жаудырып, бір қылмыскерді құлатып түсіреді. Сыздаған жарасы жанға маза бермесе де, ойдағы бар мақсаты – қарсыластың шабуылына тойтарыс беру. Осы сәтте кенеттен бір лаңкес тұтқиылдан келіп, Сырымның басына автоматын тиеп, қару-жарақ жатқан қойманың қайда екенін сұрайды. Жауынгер: «Білмеймін», - деп жауап қайтарады.  Осы мезетте қылмыскер автоматтың сүңгі пышағын жұлып алып, «Аллаһу акбар» деген айқаймен Сырымның мойнын кесіп тастамақ болғанда, жауынгер екі қолымен мойнын жауып үлгереді. Бұл кезде лаңкес Сырымның арқа тұсынан жеті мәрте пышақты тығып алады. Есінен танған Сырымның қалғаны тек еміс-еміс есінде.  Осы шақта кіші сержант Берікжан Қалиев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар да қылмыскерлермен ұрысқа түсіп, олардың арам әрекеттеріне тосқауыл қойса да, өздері қарсыластың оғынан көз жұмады.  Ауыр жарақат алған Сырымның өмірі сол кезде қыл үстінде тұрған еді. Дәрігерлердің тез арада ем шараларын көрсету арқасында жауынгер өлімнен аман қалды. Сырымның әкесі Адырбай Абжаппаровтың баласына дереу көмек беріп, о дүниеден аман алып қалған дәрігерлерге, рухани көмек беріп жатқан Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына,  әскерилерге және басқа да жандарға алғысы шексіз.  Қылылтаяң шақта сыр бермей, қылмыскерден сескенбеген Сырымның қайсарлығы мен батылдығын біз ерлікке балаймыз. Бұл – Ұлттық ұлан жауынгерлік дәстүрінің лайықты жалғасы болғаны сөзсіз. Бас қолбасшылық жауынгердің ерлігін ескеріп, оны жоғары марапатқа ұсынды. Жас жауынгер Елбасы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін иелік етті. Мемлекет басшысы атынан Сырымға бұл жоғары марапатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов табыс етті. Бүгінде Сырым әскери қызметті келісімшарт негізінде жалғастыруды жөн көріп, Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы әскери бөлімінде абыройлы қызмет етіп жүр. Ендігі мақсаты – офицер атану. Сырымның анасы, екінші топтағы мүгедек Айжан Абжаппарова аналық тілегін жасырмай, енді елімізде мұндай оқиғалар болмай, бейбіт тұрғындар мен жауынгерлер жапа шекпесе екен деп өз ойын білдірді.