Қазақстандық ғалым, өнертапқыш Сүндет Каримов ‒ жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласындағы ең өзекті мәселе шитті-мақта талшығы құрамындағы майда және ірі қиқым-қоқыстарды тазалайтын машина жасау арқылы отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосты. 

Біздің дәуірімізге дейін пайда болған ең көне өсімдіктің түрі шитті-мақта талшығын тазалау, өңдеу жұмыстары жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласымен айналысатын елдер үшін өте өзекті мәселе. Осы мақсатта еліміздің ең жас ғалымы кәсіпорындағы жұмыс жасаған бай тәжірибесі мен ғылыми ізденістерін ұштастыра отырып шитті-мақта талшығы құрамындағы майда және ірі қиқым-қоқыстарды бір мезгілде тазалайтын отандық тұңғыш машина жасауды ойлап сызба, есептеу жұмыстарын бастап кетеді.

Өндірісі дамыған Жапония, Германия, Америка, Швеция, Қытайдан шығатын түрлі шитті-мақтаны түрлі қиқым-қоқыстардан тазалайтын машиналарды зерттейді. Көп ізденістердің нәтижесінде қазіргі Түркістан облысындағы мақта өңдеу зауытында жаңадан сұлба құрастыра бастайды. Алғашқыда толық нұсқасы дайын болғанда шитті-мақтаға эксперименттік зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Машинаның барлық бөлшектері ойдағыдай жұмыс жасайды. Алайда бұл жетістігіне аса көңілі толмаған ғалым тағы да жетілдіру жұмыстарын қолға алады.    

Сала мамандарының сөзіне сүйеніп, кітапхананың бай мұрасына жүгініп ақыры соңында күрмеулі мәселенің де түйінін шешеді.

Тазалау жүйесі екі бөліктен тұратын, өзге машиналарға мүлдем ұқсамайтын, талшықтың бастапқы қасиетінің сақталу тиімділігі өте жоғары,  механиканың заңдылықтары ескеріле отырып математикалық дәлдіктермен, статикалық есептеулермен мұқият құрастырылып жаңа туынды дүниеге келеді.

Зауыттың алғашқы өңдеу цехына орналастырып жүз тонна шитті-мақтаға эксерименттік зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде алғашқы машинаға қарағанда өнімділігі әлдеқайда жоғары екенін байқайды. Зауыттың басшылығымен ақылдаса келе акт жасап өндіріске енгізді. Бүгінгі таңда бұл машина сол орнында тоқтаусыз жұмыс жасап тұр.

Өнертапқыш ғалымдығымен, іскерлігімен қоса, бойында адамдық пен дарынды парасаттылық қасиеті бар Сүндет Смаханұлы алдағы күндерде ғылымда әлі талай күрмеуі шешілмеген мәселелерді шешері анық.