Біз еңбек етеміз, қызмет жасаймыз. Еңбегіміз бен қызметімізге қарай жалақы аламыз. Дәл осындай, тіпті біз жасап жүрген жұмыстардан да маңызды, ұрпақ тәрбиесіне, халқымыздың талайлы тағдырына, тарихына байланысты ғажап шаруаны өз ниеті, жүрек қалауымен және ешбір ескерусіз, елеусіз, ақы-пұлсыз жүзеге асырып, сол қасиетті ісіне өмірін арнап жүрген адамдар да ұшырасады. Солардың бірі де бірегейі – Талғат Айтбайұлы Айтбай.

Енді осы азаматтың былайғы жұрттың дені біле бермейтін үлкен істерін ауызға алайын. Соның әуелгісі Желтоқсан көтерілісіне байланысты еңбектері. Әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келе жатқан, әйткенмен әлемдік мәні бар көтеріліс шежіресін жасап, оның қаһармандарының ерлік күресі жөнінде «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарын шығарумен 1989 жылдан бері табандылықпен шұғылдануда. Өткен жылы өз қаржысына әрқайсысы 100 даналық таралыммен он томын елге ұсынды. Солардың алғашқы екі томы көтерілістің 30 жылдығына орай «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен «Дәуір» баспасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Бұл еңбекті білетін тарихшы ғалымдар мен Желтоқсан зерттеуші азаматтар тұтас бір институт атқаратын шаруа деңгейіндегі жұмыс деп жоғары баға берді. Бүгінде Т. Айтбайұлы айғақ-кітаптардың кезекті он бірінші томын жинақтап, дайындау үстінде. Оған да құпиялы қатпары мол көтеріліс зерттеушілер мен жазушы, журналистердің мақалалары, Желтоқсан батырларының аузынан өзі жазып алған естелік материалдары молынан енеді.

– Алаңға жалындап шыққан қыз-жігіттеріміз 50-ді еңсерді. Қарулы қақтығыста алған жарақат зардаптарынан олардың біразы өмірден озды. Мен мүмкіндігімше солардың айтқандарын диктофонға жазып алып, кітаптарыма енгізумен келемін. Бәрі бір-бірлерін қайталамайтын тағдырлы оқиғалар. Түбі осы айғақ-кітаптардың негізінде «Желтоқсан» киноэпопеясы жасалатынына сенемін, – дейді Т. Айтбайұлы.

Т. Айтбайұлының осындай ерлікке бара-бар саналатын екінші еңбегі – 1961 жылдан бастап 1991 жылға дейін 30 жыл бойы бастауыш сынып оқушыларына арналып шығарылып, аға-апаларымыздың және бізден кейінгі ұрпақтардың да рухани азығына айналған «Жыл – он екі ай» әдеби-танымдық күнпарақ кітап. Нарық заманындағы ауыртпалық кезінде он жыл шығуын тоқтатқан осы кітапты Т. Айтбайұлы екі ай сайын жарық көретін әдеби-танымдық журналға айналдырды. 2001 жылдан бері сексеннен астам санын елге ұсынды. Республика көлемінде жазылыммен таралады. Бүгінде өз оқырмандары қалыптасқан белгілі басылым. Әр журнал 96 беттен тұрады. Бұрынғы, бүгінгі қазақ балалар ақын-жазушылары ғана емес, оқушылардың өздерінің қолынан шыққан әңгіме, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, санамақ, өлеңдері мен танымдық, тағылымдық мәні зор материалдарынан тұратын «Жыл – он екі айды» өзі құрастырады, Бас редакторы да өзі. Сондай-ақ, бұл басылымда балғын бүлдіршіндерге арнап қалам тербейтін әлем елдері ақын, жазушыларының шығармаларына да орын беріледі. Әр журналды бір-бір кітап деуге болады. «Бұл – ескірмейтін есті кітап, балалар әдебиетінің антологиясы» депті бүгінгі әдебиетіміздің ең қарт өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев ағамыз.

Талғат Айтбайұлының қаламгер әріптестері ерекше бағалайтын тағы бір жұмысы – баспа ісімен айналысуы. 1997 жылы өзі құрған «Тоғанай Т» баспасы қазіргі кезде еліміздегі танымал баспалардың қатарында. Мемлекеттік тапсырысқа телмірмей-ақ, өз кітаптарын шығарғысы келген қаламгерлердің кітаптарын барынша арзан бағамен шығарады. Ол кітаптар шетінен сауатты шығатын сапалы дүниелер. Осы күнге дейін мыңнан астам кітап оқырмандар қолына тиіпті.

Т. Айтбайұлының айта кетерлік ендігі жетістігі – қаламгерлігі. Ол «Мың бір күн, мың бір түн» деректі романы мен «Нан мен тер», «Ән әлемінің Әбиірбегі» сыр-сұхбат кітаптарының авторы. «Қазағым деген біз бармыз» роман-эссесі де оқырмандардан жақсы бағасын алған. Әйгілі академик Шахмардан Есенов ағамыздың жары Кәмила Есенованың «Тұлғамен табысқан тағдырым» өмірбаяндық кітабы да Талғаттың әдеби жазбашылығымен дүниеге келген туынды.

Қараңызшы, қаншама жұмыстар! Т. Айтбайұлы осы жұмыстардың бәрін ешкімнен ақша сұрамай, үкіметтен марапат пен атақ дәметпей, жүрек әмірімен жүзеге асырды, сол жұмысын жалғастырумен келеді. Мерзімдік басылымдардағы еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігіне, халқымыздың тағдырына байланысты журналистік жазбалары да өзінше бөлек әңгіме. Сондықтан ел ішінде елеусіз жүрген Т. А. Айтбайды кім-кімге де үлгі-өнеге етуге, жұртшылық білуге тиісті жүз адамның қатарына қосуға әбден болады деп ойлаймын.