Тамила Муридова - жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, ҚР халықаралық класстағы спорт шебері 

Биыл Тамила жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден өткен әлем чемпионатында жеке біріншілікте қола жүлдеге ие болды. Ал бұл медаль Қазақстанның қыздар арасындағы семсерлесу бойынша әлем чемпионатында алған алғашқы жүлдесі. 

“Қазақстанда семсерлесу спорты жайлы көп адам біле бермейді. Мен елімізде бұл спорттың дамығанын қалаймын. Мысалы, Италияның орта білім беретін мектептерінің бәрінде семсерлесу бойынша сабақтар бар. Біз үшін бұл арман, әрине. Бірақ осы спорт жайлы адамдар көбірек білсе, оған қызығатындардың да саны артары сөзсіз”, - дейді Тамила. 

Тамила Муридованы семсерлесу залына алып келген жақын құрбысы екен. Біраз уақыттан кейін құрбысы спорттан кетсе де, Тамила жаттығуды жалғастырады. 12 жасынан спортта жүрген Тамила семсерлесуді ең әдемі спорт түрі санайды. “Керемет эмоция сыйлайды” дейді ол. 

Әлем чемпионатына дейін Тамила Муридова шетелде өткен түрлі турнирлерге қатысып, тәжірибе жинаған. Бос уақытында ол ән айтып, би билегенді ұнатады. Семсерлесуден бөлек, теннисті жақсы көреді.