Тоқтар Әлімбеков – Шымкентте Chaplin's компаниялар желісінің негізін қалаған жас кәсіпкер, U:projects әлеуметтік жобасының авторы.

Тоқтар Шымкенттегі дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің (қазіргі білім-инновация лицейі) түлегі. «Алтын белгі» иегері. Республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпазы.

Ол мектеп бітірген соң, АҚШ-тың Мичиган штатындағы Орталық Мичиган университетінің президенттік грантын жеңіп алады. Жеке кәсіпкерлік, экономика саласында 4,5 жыл білім алады.

2016 жылы оқуын үздік аяқтаған соң, Шымкентке қайта оралады. Сосын, 100 күнде 0 теңгеден бастап, кәсіп ашамын деп өз-өзіне мақсат қойып, 2016 жылдың қараша айында Шымқалада алғашқылардың бірі болып, «Chaplin's Barbershop» ерлер шаштаразын ашады. Бүгінде бұл шаштараз Шымкентте танымал болып үлгерді. Шаштараздың жанында жеке мектебі бар. Оған шаштараз, барбер болғысы келетін жігіттерді оқуға қабылдап, үйретіп, халықаралық деңгейде сертификат береді.

Бұдан бөлек, серіктестерімен шығармашылық, кофе, спорт және музыка салаларында, яғни Chaplin’s Art Store, Chaplin’s Coffee House, Chaplin’s Sport Club және Chaplin’s Music Station жобаларын іске асырды. Жалпы, 21 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Қызметкерлерімді серіктестер деп атаймын. Айдың соңында өз пайдама қараудан бұрын, солардың табысына көңіл аударамын. Оларға үнемі өз кәсібін ашуға, қаржы жинауға мотивация беремін. Бізде де Америкадағы сияқты өз ісін шексіз сүйетін және одан ләззат алатын адамдар қалыптасуы керек», – дейді ол.

Тоқтар кәсібінен түскен пайданың бір бөлігін әлеуметтік жобаларға жұмсайды.

Яғни, бірнеше жылдан бері өзі сияқты жалынды қыз-жігіттерді жанына жинап, қызықты іс-шаралар ұйымдастырып жүр. Қолға алған U:projects жеті бағыттан (U:create, U:talk, U:travel, U:help, U:konnect, U:patrol, U:prosper) және оларға кіретін 17 жобадан тұрады. Қазір оның 7-8-і жұмыс істеп тұр. Қалғандарын бірте-бірте іске қоспақ.