Вадим Дукарт - спортшы, жаттықтырушы

2000 жылдары омыртқасына қатты зақым алып бірінші топ мүгедегі атанған Ақмола облысының тұрғына Вадим Дукарт өзінің қайтпас қайсарлығының арқасында спортпен айналысып, жазда Бразилияда өткен Параолимпиадаға Қазақстанның құрама командасында қатысып, пауэрлифтингтен тоғызыншы орынды жеңіп алған. Ал бүгінгі күні "Мерген" спорт клубында өзі сияқты тірек-қозғалыс аппаратының бұзушылықтары бар жандарды жаттықтырумен айналысады.  Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулу арқылы олардың қоғамның толыққанды мүшесі екендігіне көздерін жеткізу, кемел келешегіне деген сенім отын ұялатуды көздейді.

Вадим Дукарт 1973 жылдың 11 қазанында Ақмола облысында дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін Астрахан училищесінде механизатор мамандығы бойынша оқуға түскен. Оқуын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1998  жылы Целиноград ауданының орталығы Ақмолаға көшіп келіп нөмірі 11478 әскери бөлімшесінде жүргізуші-механик болып қызмет ете бастайды. Алайда, 2000 жылы омыртқасынан зақым алып, 2001 жылдан бері бірінші топ мүгедегі атанады.

Вадим оқыс оқиғадан мүгедек болып қалса да, өмірден күдерін үзбей, спортпен айналысуға бел байлайды. Алғашында  өз-өзіне қызмет көрсете алуы үшін қолына гантельмен жаттығу жасау арқылы өзінің спортқа икемі бар екендігін байқайды. Сөйтіп, спорттың ауыр түрі саналатын пауэрлифтингке ден қояды. 2002 жылдан бастап Астана қаласының "Қайсар" спорт кешенінде пауэрлифтингпен айналыса бастайды. Вадим өзінің үлкен еңбегінің, қажымас қайратының арқасында 2003 жылы елімізде алғашқы алтын медалін алды. 2004 жылдан бастап Көкшетау қаласында жаттықтырушысы Колесников Юрий Николаевичтің жетекшілігімен спортпен айналыса бастайды. Нәтижесінде, 2004 жылдың қортындысы бойынша мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жыл үздігі атанады. 2005 жылы Қазақстан Республикасының физикалық мүмкіндіктері шектеулі спортшыларының арасындасында өткен чемпионатта ел чемпионы атанып, оған Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы беріледі. 2015 жылы Алматы қаласында өткен Азия Чемпионатына қатысады, ал 2016 жылы Бразилияда өткен Паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алып, пауэрлифтинг, яғни, шалқалай жатып зілтемірді көтеру бойынша Олимпиадада ол тоғызыншы орынды иеленіп, 10 таңдаулы спортшының санатына енді. Сол жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Ақмол ауылына арнайы келіп, Олимпиадаға қатысушы Вадим  Дукартқа Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстаған.

Спортшы бұл күнде мүгедек жандардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында осыдан екі жыл бұрын Ақмола облысының орталығында ашылған «Мерген» спорт клубында жаттықтырушы. Отбасы, екі ер баласы бар. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, еліміздің құрама командасымен Малайзия, Корея сияқты мемлекеттерде өнер көрсеткен. Алған марапаттары да, қол жеткізген жетістіктері де  қомақты. Біз Целиноград ауданының құрметті азаматы Вадим Дукартты ""100 жаңа есім жобасының" үздіктерінің қатарынан көргіміз келеді.