Владимир Киян –  биотехнолог ғалым

Владимир Киян – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Ауыл шаруашылық биотехнологиясының ғылыми-зерттеу алаңының жетекшісі, биотехнолог ғалым, PhD доктор.

«Сенімсіздікті жеңіс пен жетістік жеңеді. Бірақ әр жеңістің алдында жеңілістер мен сәтсіздіктер болғанын есте сақтайтындар аз. Тек қайсарлық пен қайтпас мінез ғана кедергіні жеңе алады. Ғылымда қалыптасу – құлап-сүрініп, жүруді енді үйренетін балалық шаққа қайта оралу секілді. Владимир Киянның ғылыми зерттеулердегі жеткен нәтижелеріне деген алғашқы қадамдар оның намысына ауыр тиді. Табанды болып, ғылым айналасындағы әзәзілдікке шыдауға тура келді. Оған өзінің мінезі мен тәрбиесі көмектесті: жетістікке жете алмасаң, демек ниетің мен еңбекқорлығың нашар болғаны», -дейді Владимир.

Владимир 2003 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының Н. Островский атындағы Аманқарағай орта мектебін үздік бітірген. Қабылдау емтихандарын сәтті тапсырған соң «Жануарлар селекциясы мен биотехнологиясы» мамандығының мемлекеттік грантына ие болды, аудан мектептерінің түлектері арасында мұндайлар көп емес еді. Болашақ студенттің таңдауы елорданың алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетіне түсіп, оны 2008 жылы үздік аяқтайды. 2008-2012 жылдар аралығында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың биотехнология ҒЗИ-ында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми және аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. ҚР АШМ және БҒМ салалары бойынша 4 ғылыми жобаның негізгі орындаушысы болған. 2008-2010 жылдар аралығында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да «Биотехнология» мамандығы бойынша магистратура оқыған. Алынған нәтижелер республиканың инновациялық патентімен қорғалды, бұл республикалық «Шапағат-2009» байқауына қатысуға мүмкіндік берді. Аталмыш байқаудың нәтижесінде Владимир «Үздік жас өнертапқыш» атауында Алтын медаль иегері болған (Женева, Швейцария).

2011 жылы Владимир Киян Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «Биология» мамандығына PhD докторантураға түскен, Бұл ол үшін жаңа даму кезеңі болған еді, себебі докторантурада оқу  шетелдік ғалымдардан кеңес алу және әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми институттарына бару мүмкіндігі қарастырылған еді.  Докторлық диссертациясының жетекшісі болып академик Р.І. Берсімбай, шетелдік кеңесшісі ретінде рак жасушаларының сигналдық жүйесін зерттеумен айналысатын әлемге әйгілі ғалымдардың бірі, Техас университетінің профессоры Дос Сарбасов тағайындалды. Сондықтан диссертацияның практикалық бөлігі бір жарым жыл бойы Техас университетінің М.Д. Андерсон атындағы онкология орталығында орындалды. Бұл ең жоғары әлемдік деңгейде зерттеу жасалған уақыт еді, себебі бұл орталыққа әлемнің мықты ғалымдары жиналған, олардың арасында Нобель лауреаттары да бар болатын. Орталықта ең ілгері молекулярлық-генетикалық және биохимиялық зерттеу әдістері меңгерілді.

2015 жылы докторантураны аяқтап, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алған соң, жас ғалым М.Д. Андерсон атындағы онкология орталығының жасушалық және молекулярлық онкология бөлімінде постдокторанттық жолын бастайды (Хьюстон, Техас, АҚШ). Постдокторантураны бітірген соң Владимир Киян Қазақстанға оралды. 2015 жылдан бері ғалымның жетекшілігімен Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің 217 «Ғылым дамуы» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жасушалық және молекулярлық диагностика саласында бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылып келеді. 2015 жылдың ғылыми нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының талантты жас ғалымдарының мемлекеттік стипендиясы лауреаты болды.

Владимир Киян Қазақстан Үкіметі 2018-2021 жылдарға бекіткен Ұлттық ғылыми кеңестің құрамына «Өмір мен денсаулық туралы ғылымдар» бағыты бойынша кірген жас ғалымдардың бірі. Ғылыми-зерттеу қызметімен айналысқан уақыт ішінде ол 100-ден аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектер, оның ішінде соңғы 5 жылда 49 жұмыс жариялаған. Владимир Киян практикалық дағдыларымен бөлісіп, «Биотехнология» мамандығының бакалаврлары мен магистрларын дайындайды. Оның жетекшілігімен дайындалған жас мамандар алдыңғы қатарлы ғылыми институттарда, университеттерде, экономиканың нақты секторларында еңбек етіп жүр. ҚР Тәуелсіз агенттігі жүргізген аккредитация және рейтинг нәтижелері бойынша 2015 жылы Киян Владимир ҚР жоғары оқу орындарының ТОП-50 үздік оқытушыларының тізіміне енген.