Зәуре Төреханова – балалар жазушысы, сценарист.

Зәуре шығармашылық жолын салыстырмалы түрде жақында бастаған, ол  Қазақстанда балалар әдебиетін дамыту үшін халықаралық банкир қызметінен бас тартқан. Бүгінде Зәуре «Алтын Қалам – 2014» тәуелсіз әдеби байқау жеңімпазы, айтулы «Алтын Тобылғы – 2017» әдеби сыйлығының «Жылдың үздік балалар әдебиеті» номинациясы лауреаты. Зәуре «Әмина Тұран номадтар елінде» атты алғашқы отандық балалар-жасөспірімдер фэнтези-романының, және сондай-ақ  «Алматы кітап баспасының» патриоттық сериядағы «Менің Қазақстаным» атты екі кітаптың авторы. Балалар сериясының «Сүйікті қаламыз Алматы» атты қаланың 1000 жылдығына арналған алғашқы кітап 2016 жылы жарыққа шыққан. «Елімнің жүрегі – әсем Астана» атты ҚР астанасының 20 жылдық мерейтойына арналған екінші кітап 2017 жылы жарияланды. Кітаптарының жалпы таралымы 16000 данадан асты.

Зәуре Төреханова 1984 жылы 14 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Шоқан Уәлиханов атындағы №12  жалпы білім беру мектебінде оқып, кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияға ауысқан. Ол жасөспірім кезінен-ақ шағын шығармалар мен әңгімелер жаза бастаған. Зәуре мектептің концерттік бағдарламаларында жүргізуші болып, мектеп ансаблінде домбырада ойнаған, Абайдың аудармасындағы Крылов мысалдарын айтқан, «Қазақ радиосы» мен телевидениеде өнер көрсеткен. Шығармашылықпен айналысуға деген ынтасына қарамастан, ата-анасының кеңесімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, бакалавриат пен магистратураны үздік дипломмен бітірген. Оқып жүрген кезде ол Білім және ғылым министрлігінің, Алматы аймағы ЖОО-ларының ректорлар кеңесінің, ҚазҰУ ректорының және экономика факультеті деканының түрлі грамоталарымен марапатталған. Зәуренің «ҚР жаңа технологияларын коммерциализациялау» тақырыбындағы магистерлік диссертациясын «Қазақ университеті» баспасы оқу құралы ретінде жариялады. Жоғары білім алған соң Зәуре ірі қазақстандық банкте халықаралық банкир болып жұмыс істеді, ал қаржылық дағдарыс уақытында банктің сыртқы борыш құрылымын қайта қарау процесіне белсенді қатысты.

2013 жылы кезекті борыш құрылымын қайта қарау қарсаңында Зәуре қаржы саласынан кетіп, уақытын шығармашылық дамуға және отандық балалар әдебиетіне арнауға шешім қабылдады. Зәуренің кітаптары отанға деген махаббат, үлкендерді құрметтеу және білімге деген ұмтылыс туралы баяндайды. Автордың мақсаты – Қазақстан балалары мен жасөспірімдері арасында кітап оқу мен әдебиетті кеңінен тарату. Ал басты арманы – бүкіл әлем оқырмандарын «Әмина Тұранның бастан кешкендері» туралы кітаптар сериясы арқылы ұлы дала көшпенділерінің мәдениеті, салт-дәстүрлері және ертегілерімен таныстыру. Қазір Зәуре екі елдің оқушыларына қостілді әдеби жинақ жасау бойынша ерікті қазақ-венгр жобасын басқарады.