Жарқынбек Құлбайымбетов – білікті басшы ретінде Түркістан өңіріне еңбегі сіңген азамат. Оның шәкірттері бүгінде жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр.

Шымкент қаласындағы Крупская атындағы институтты физика-математика мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Әр жылдары Түркістанға қарасты Куйбышев атындағы мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі, Сырдария орта мектебінде мұғалім әрі сырттай оқыту мектебінің консультация бөлімінің меңгерушісі, Түркістан қаласындағы Ленин атындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1969 жылдан 1971 жылдың тамыз айына дейін қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 1971 жылдан 1984 жылдың қарашасына дейін қаладағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры болып жұмыс істеді.

Содан кейін аудандық, қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Ал 1999 жылдың қыркүйегінен бастап, қалалық білім беру бөлімінің орынбасары, М.Әбенова атындағы орта мектептің директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2002 жылдың шілде айынан Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің жанынан ашылған «Түркістан» лицейінің директоры болып тағайындалды. «Түркістан» лицейі 2003  жылы Республика бойынша ең үздік деген 100 мектептің ішінде 37- орын алды. 2004 жылы Республика бойынша ең үздік деген 20-орын алса, 2005 жылы оқушылардың ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы 103,3 көрсеткішке жеттіп, республика бойынша 3-орынға шықты. 2005 жылдың қыркүйегінде №4 С.Сейфуллин атындағы қазақ мектебінің директоры болып қызмет атқарды.

Тәрбиеленген шәкірттері еліміз бойынша жер-жерде түрлі салада қызмет істеп жүр. Шәкірттері шетелде, республикамыздың ең мықты оқу орындарында оқып шықты. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық атқару комитетінің мүшесі болып сайланған. Бірнеше мәрте аудан және қала, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, мерекелік медальмен, облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан, КСРО оқу ағарту ісінің озық қызметкері.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2-3 рет Құрмет грамотасымен марапатталды. Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері. 2004 жылғы қаланың «Жыл адамы» атанды. Ресей халықаралық психология академиясының құрметті мүшесі. Түркістан қаласының Құрметті азаматы. 2005 жылы Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған. 2008 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда қалада жастарды тәрбиелеуге белсенді араласып келеді. Қалалық «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі. Қалалық соғыс, еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қоғамдық кеңес мүшесі, қалалық білім саласы бойынша бірлестік төрағасы. 2016 жылы Республикалық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясының мүшесі болды. 2016 жылы желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының 25 жылдық» мерекелік медальмен марапатталды. 2017 жылы сәуір айында «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2018 жылы облыс әкімі Ж.Түймебаевтан Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын алды. Үнемі халықтың қамын жейтін азамат қандай құрметке болмасын лайық деп білеміз.