Жұлдыз Шабденова – онкологиялық ауруханалар клоунадасы

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жалпы биология және геномика мамандығы бойынша тәмамдаған. Университет қабырғасында жүріп-ақ балалардың туған күндерін ұйымдастырумен айналысатын «My day» компаниясында жұмыс жасайды. Қайырымдылық шараларына 1-2 курста жүріп-ақ белсене ат салыса бастайды. «Добрая душа Астаны» қайырымдылық қорының құрамында жүріп, көптеген игі істердің бастаушысы болды.

– Whatsapp желісінде аниматорлардың тобы бар. Егер біздің көмегіміз керек болса, сонда жаза қояды. Уақытым бар кезде ешқашан ондай шаралардан бас тартқан емеспін, – дейді Жұлдыз.

Жұлдыз әлеуметтік бейімдеу орталықтарында бірнеше рет жеке өзі мерекелік шара ұйымдастырып, балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Ауруханалық клоундардың қатарына ол биыл ғана қосылып отыр. Қайырымды жан мұндай шараларды ұйымдастыратындар елімізде саусақпен санарлықтай екенін айтады. Жұлдыз онкологиялық орталықтарда емделіп жатқан балаларға бірнеше рет барып, ойнап, концерттер қойып, ең болмағанда бір күндерін жақсы өткізуге ат салысып келеді.

 – Бала кезімде балалар үйінің тәрбиешісі боламын деп армандағанмын. Себебі, өзім аялы алақанда өскен қызбын. Сол ата-анам берген махаббатты басқа балалармен бөлісуге асық болған шығармын. Бұл күндері осындай жерде жұмыс жасап, қолым қалт еткен уақытта балалармен жақсы уақыт өткізу мүмкіндік туындағанына қуаныштымын, – дейді ол.