Айбек Киікбайұлы Қалиев – филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын.

Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты педагогика және филология факультетінің деканы. Еңбек жолын 1998 жылы Қазақ Аграрлық университетінің қазақ тілі кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы болып бастаса, 2001-2009 жылдары өзі білім алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметін атқарған.

2006 жылы «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, 2008 жылы «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты монографиясы «Нұра-Астана» баспасынан жарық көрді. Республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында, ғылыми басылымдарда отызға жуық ғылыми мақалалары жарық көрген. Айтыс көрермендеріне етене таныс, ақиқатты ашып айтуымен және от ауыз, орақ тілділігімен етене таныс Айбек Қалиев 1998 жылы Еуразия Ұлттық университетін бітірген. Арқалықта өткен жеке шығармашылық кешінде Айбек Қалиевке айтыстың атасы атанып кеткен ақын Жүрсін Ерман былай деп өлең арнаған еді:

«Ақылман ақын едің бай көңілің,

Айтысты не қыламыз, Айбек інім?

Сес көрсетіп сұрланған бұл биліктің

Көңілінен шығамыз қай бегінің?!

 

Серттей сөзің жеткенмен әр ауылға

Жауығатын жандар көп жарау ұлға.

Бәйтеректің басында мерген отыр

Әр сөзіңді ілдіріп қарауылға.

 

Заманақыр етпеді мұңды кімді,

Көріп жүрміз қулық пен сұмдығыңды.

Ертеңіміз не болар деп жасқанбай

Айтып жүрсің, Алашқа шындығыңды.

 

Айтып жүрсің айтыста ғажаптарды,

Таң атуға, – дейсің сен, – аз-ақ қалды.

Құлағының түбінен мылтық атып

Оятумен келесің қазақтарды.» (ықшамдалды).