Әдепхан Төреханұлы – ақын-этнограф. 45 жылға жуық орта мектепте физика-математикадан сабақ берген жоғары санатты мұғалім. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» дегендей, білім беру саласына сіңірген ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» құрметті атағы берілген.

Əдепхан Жақыбаев 1940 жылы өмірге келген. 1964 жылы Абай атындағы педагогика институтын тәмамдағаннан кейін болашағын ұстаздықпен байланыстырып, білім беру саласындағы қызметіне кірісті. Табанды 43 жыл тапжылмай білім беру саласында ұстаздық еткен ұлағатты ұстаз абыроймен зейнеткерлікке шықты.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей ұзақ жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан шәкірттері ұстаздың үмітін ақтап, талай биіктерді бағындырды.

Білім беру саласындағы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағын алды. Кеудесіне «Ыбырай Алтынсарин» медалін,  сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Этнографиялық-танымдық ізденістері үшін «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды. «Балдәурен», «Белжайлау», «Орбұлақ», «Баркөрнеу» атты өлең жинақтары және «Ұлттық таным тағылымы», «Жапырақ жайған бәйтерек», «Еңкеймеген еменнің жапырақтары» атты тарихи танымдық, этнографиялық кітаптары жарық көрген. Жеке кітаптарымен қоса «Елім дархан – жерім бай» атты үш томдық таңдамалы жинақтардың авторы. Ұлттық құндылық, жергілікті халықтың салт-дәстүрі және халықтық астраномия бойынша шығармашылық  ізденістері этнографияға қосқан бағалы еңбек. Әдепхан Төреханұлы сөздік қоры бай, төлтума көркемсөз үлгілері мол қаламгер, ондай сөздерден бағалы сөздік құрастыруға болады. Ғұмыр бойы жас ұрпақтарды оқытып, тәрбиелеу жолында талмай еңбектенген Әдепхан Төреханұлы өнегелі отбасының отағасы. Бүгінгі таңда алты ұлы мен төрт қызы республикамыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген жоғары білімді және белсенді қызметкерлер.