Мүтәллап Мұхамәдиұлы – бүгінгі қазақ зиялы қауымының бетке ұстар азаматы. Оның шығармашылық қабілеті елге кең танымал, ол Қазақсан Республикасының Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі, теледидар және радио саласының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының, Есіл ауданының құрметті азаматы.

Мүтәллап Қанғожин еңбек жолын есеп бөлімнің облыстық және аудандық  нұсқаушысы болып бастады. С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетінің журналистка факультетін бітірген соң 30 жылдан астам Солтүстік Қазақстан облысының теле радио компаниясында қызмет атқарды. Ол өз еңбекқорлығы мен талантының арқасында қатардағы әдеби қызметкерден Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясының төрағасына дейін мансаптың барлық  баспалдақтарынан өтті. Қаламы қарымды журналист қоғамдық өмірге бей-жай қарай алсын ба? Мүтәллап Мұхамәдиұлы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұзақ жылдар бойы басқарды. Бірнеше жылдар көлемінде ұлтаралық келісімді сақтау, мемлекеттік тілді насихаттау, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында облыс көлемінде тақырыптық сұхбаттар мен телебағдарламалар ұйымдастырған.

Мүтәллап Мұхамәдиұлының әдеби мұрасы зор. «Қызылжар», «Өмірім менің», «Сарыарқаны сағындым», «Мен Мағжанның көшесінде тұрамын», «Белый дом Аблая» сынды бірнеше кітаптардың авторы. Көптеген өлеңдері қазақ тілінен орыс тіліне аударылған. Жастарды ұлтжандылыққа, отан сүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуден шаршаған емес. Әлі күнге дейін келешек ұрпақтың ертеңгі болашағы үшін, аянбай еңбек етуде.